Шабаданға киімді қалай жинаймын?

Бұл сұраққа сіздің қайда баратыныңызға байланысты жауап беру керек. Егер шет елдерге сапар шегетін болсаңыз ол жақтың ауа-райын біліп алыңыз. Соған байланысты киімдерді таңдағаныңыз абзал.

Шабаданға салатын киімдеріңізді жинастырып болған соң оларды іріктеуден өткізіңіз. Олардың бір-бірімен де үйлесімі қандай болатынын ойластырыңыз. Мәселен ақ түсті жейдені джинсымен киюге болса, басқа киімдермен киюге мүмкіндік болмайды. Мәселен қалыңдау жемпірді шортымен киюге немесе джинсы мен сүйретпенің түр-түрін талғамсыз кие алмайсыз.

Аяқ киім. Сапарға көп аяқ киім алудың қажеті жоқ. Ең көп дегенде үш жұп аяқ киім: сүйретпе, спорттық және күнделікті жүруге арналған ыңғайлы аяқ киім алыңыз. Ал қыз балалар бұған қоса маңызды кездесулер үшін өкшесі биік аяқ киімін де қоса ала алады.

Іш киім. Қай жерге барсаңыз да іш киіміңіздің көп болғаны дұрыс. Осыған орай, саяхатыңыздың уақыты көп бола түскен сайын іш киіміңіз де көп болсын. Суға түсетін жағдай болса, әрине, суға түсуге арналған іш киімнің болғаны жөн. Қарапайым іш киіммен монша, бассейн немесе SPA салондарына баруға болмайтынын бізсіз-ақ білетін боларсыз.

Аксессуарлар (белдік, орамал, қалпақ) – біреуін ғана алсаңыз жеткілікті. Шабаданыңызда орын босамаса оны тіпті үйде қалдырып кетуге болады. Ал жағалауда киюге болатын қалпақ, орамал сияқты аксессуарларды сол барған еліңізден де сатып ала аласыз.

Опа-далап. Қыз балалар да, ерлер де опа-далапты саяхатқа апаруда аса құнтты болғаны жөн. Мәселен, тіс пастасы, күнге күюге арналған крем, әтір су, қырынуға арналған көбік және сусабынды шабаданда алып жүрмей-ақ қонақүйден сатып алуға болады. Кейбір сапалы қонақүйлерде жеке гигиенаға қатысты заттарды тегін береді.  

Десе де, өзіңіздің құрал-жабдықтарыңызды қажет деп тапсаңыз, мәселен бетке арналған крем, тоник, ласьондарды алатын болсаңыз, оларды өзіңізге қажетті мөлшерде ғана кішкентай құтыға (флакон) құйып алсаңыз болады.

Сән әшекейлері мен бағалы бұйымдар. Сән әшекейлерін саяхатқа апарудың қажеті шамалы. Олар сізге «артық» назар аудартып, кесірінен өміріңізге де қауіп төндіруі мүмкін. Оның орнына арзан әдемі бижутерияларды тақсаңыз болады.

Дәрі-дәрмек. Жол жүргенде қандай дәрі-дәрмек алған жөн?

- Ыстықты басатын дәрі

- Ауырғанды басатын дәрі

- Іш өтуді басатын дәрі

- Аллергияға қарсы дәрі

Дәрі-дәрмекті үйден алып шыққаныңыз дұрыс болады. Себебі өзге елдерде сізге таныс дәрілердің атауы басқаша болуы ғажап емес. Егер ұзақ мерзімді ауруыңыз болса, қажетті дәріні екі есе көп етіп алып жүруге кеңес береміз. Бұдан басқа, бинт, термометр, пластырь, йод, мақта алып жүріңіз.

Техника. Жолға алып шыққан техникаңыздың (фотоаппарат, ноутбук, видеокамера, телефон) қуаттағыштарын, флэш-карталарын алып жүріңіз.

Ұмытуға болмайтын заттар: Құжаттар, ақша, билет және үйдің кілті. Әрбір жерде шашылмауы үшін оларды бір қапқа салып алғаныңыз ыңғайлы болады. Артық назарды өзіне аудармауы үшін бұл сөмке қарапайым болуы керек. Әрине, ылғалды орамал алсаңыз пайдасы тиеді. Үйден шығар алдында қажетті заттарды ұмытпау үшін бірнеше мәрте тексеріп алыңыз.

Артық заттарды үйде қалдырыңыз. Өзіңізге қажетті заттардың барлығын да арнайы тізімдеп алыңыз. Тізімнің толық болуын қадағалаңыз, себебі ескермей кеткен зат сізге қажет болып қалуы мүмкін. Ең жақсысы – жолға шығар алдында бір апта бұрын тізім жасаңыз да, күн өткен сайын тізімді тексеріп, қажеттіні қосып, қажетсізді алып тастап отырыңыз. Жолға шығатын күні емес, одан екі күн бұрын шабаданыңызды толтырып алыңыз. Егер шабаданыңызда бос орын қалса бұл қайта пайдалы. Себебі сіз шет елдерден бос қол қайтпайсыз. Түрлі әшекей заттар, мүсіншелер, тоңазытқышқа жабыстыратын естеліктерді салуға мүмкіндік болады.  

Егер киіміңіз шабаданға сыймай жатса, төмендегі роликтен ыңғайлы киім жинау әдісін көріп алыңыз. Сәт сапар!

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/w3PvsIZ3rV8","width":"450","height":"338"});

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: liveinternet.ru, blog.ru