Сырың ішіңде болсын, ішіңді жарып бара жатса да сыртқа шығарма.
Сыр – өзіңнің құпияң, ол өзіңдікі ғана, оған ие бола алмасаң, қайта айналып басыңа шоқпар болып тиеді. Сырыңды ашсаң асқан ақымақ боласың, таяқты келісіп жейсің, қырсықтың үлкені сол.
Әдетте адамдардың бір ортақ кемшілігі бар, ол – сырын жасыра алмайды, қуанышын да, жұбанышын да, қайғы-қасіретін де біреуге айтқысы келіп тұрады, тіпті уақытқа, объектіге, орынға қарамай, өз сырын кім көрінгенге айта салады.
Шынында мұнда тұрған ештеңе жоқ, жақсылық болса елмен ортақтасасың, жамандық болса, оны іште сақтағаннан гөрі айтса жөн-ақ, бірақ, әркімге айтса болмайды, өйткені, айтатын адамдарың бір-біріне ұқсамайды, сырыңды айтқанда, сөз жоқ, «амал-айла» болу керек, айтуға болатынын айт, айтуға болмайтынын әсте айтпа.
Сыр туралы байыпты болудағы себеп, сырды айту – әлсіздігіңді әшкерлейді. Осындай әлсіздігің елдің өзің жөніндегі әсерін өзгертуіне мұрындық болады, біреулер сенің адамгершілігіңді бағалағанымен, біреулер сені бойына тоғытпауы мүмкін, ең жаманы, осал жағыңды біліп алған соң, күндердің бірінде ол бәсекелесіңнің сені омақастыратын қаруына айналуы мүмкін, ондай болмаған күннің өзінде сақтана жүргенің жөн.
Ендеше қимас достарға сыр айтса болатын шығар?! Бұған жауап тағы да сол: келсе-келмес айта берме, сырыңды талғап айт, қазіргі «қимас» досыңның болашақта да «қимас» дос болып жүруі екіталай, мұны түсінуің керек.
Үй ішіңдегілерге де сырыңды айта беруге болмайды. Мысалы, жарыңның сенің сырың жөніндегі түсінігі сен ойлағандай болмаса, соған бола сені қате түсініп, тіпті сенің сырың некенің бұзылуына апарып соғуы мүмкін.
Дегенмен ішімдегіні тап деп тымпиып, тіс жарып сыр айтпау да жақсылық емес, сен томаға тұйық, сыр айтпайтын, байыбына барып болмайтын, жанына жан жуымайтын адамға айналуың ғажап емес. Тегіннен осындай адам болсаң бір сәрі, әйтпегенде басқаларға мұндай әсер беруің әбестік болады.
Сондықтан, нағыз «айлалы» адамның былай істегені жөн, кейде айналаңдағыларға келіп-кетері жоқ кейбір «сырларыңды» айтып, оларды өзің жөніндегі күдік-күмәннан арылту керек.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: intellitalent.com