Қазақ халқында ежелден келе жатқан дәстүр мен салт бар. Салт пен дәстүр кез келген ұлтқа тән қасиет. Соның ішінде ізеттілік, адамгершілік пен сүйіспеншілік турасындағы ғұрыптың жолы бөлек. Өйткені олар адамның жеке қасиетіне жатады. Әрі тәрбиелік мәні зор.
Сен – әдепсіздік
«Сен» сөзі екінші жақтағы қолданыста қолданылатын қарапайым грамматикалық сөз бірлігі болғанымен, оның өз жауапкершігі бар.
Қоғамдық ортада, өзіңізге бейтаныс жерде бөтен адамға «сен» деп бірден тап беру, өзіңізге қарату – әдепсіздік. Бұл жоғарыда айтып өткен қасиеттердің ішіне кіреді.
Өзіңізден үлкен адамға, белгілі бір тұлғаға «сен» деп сөз бастап, сұрақ қойсаңыз, сүйкіміңізді кетіріп аласыз. «Тәрбиесіз өскен екен» деген сөзді есту кімге керек немесе өзіңізден кіші біреу «сен» деп сізге сөйлеп тұрса, сіздің де оң қабылдай алмасыңыз анық.
Сен сөзі бұйрық беру мақсатында көп қолданылады. «Сен істе! Сен бар!». Яғни бұл өтініш емес, тікелей бұйыру райында қолданылып тұр. Сондықтан бейтаныс жанға бірден бұйырып сөйлегенге қарағанда ізеттілік танытып, кішпейілдікпен «сіз» деген жөн.
Сен – жақындастырушы
Аталған сөз тек кері қырынан ғана көріне бермейді. Кейде «сен» деген сөзді қолдану арқылы адамды жақын тартуға болады. Бұл жағдай ғашықтар арасында көп орын алады. Мысалы жақсы көріп тұрған аруыңыз немесе жігітіңіз сізге «сіз» деп сөйлеп тұрса, сіз оны жақын тарта алмайсыз. Өйткені кедергі сізді не үлкен, не тек сыйластық танытып тұрған кейіпте көрсетеді. Бұл сенімді құрал емес. Сондықтан «сен» сөзін орнымен пайдалана білу де абзал.
Екі жақтың "сізден" – "сенге" өтуі қарым-қатынастарының жақындасуға жеткенін білдіреді.
Сіз – сыйластық белгісі
Бейтаныс жанның қолыңыздан алып, сізге «сіз» деп сөз бастағаны зор құрмет. Оны сіз іштей де сезініп үлгересіз. Ал құрмет таныту – сыйластық, сыйластықты қалыптастыратын – тәрбие, яғни дәстүр жалғастығы. Кез келген ортада сүйкімді және тәрбиелі көріну үшін «сіз» сөзін қолданып жол тауып кетуге болады. «Сіз-біз» десейік деген сөздің де өз орны бар екенін аңғаруға болады.
Ата-анаға «сен» деп сөйлейтін де жандар бар. Бірақ абзалы «сіз» деу. Ол жасы үлкендік емес, оларға деген сый мен құрметтің белгісі.
Махаббат тақырыбына келгенде де «сіз» сөзі қолданылады. Бірақ бұл сөзді үйленіп, үй болған кезде немесе үйге қонақ келген кезде жарыңыздың мерейін асыру үшін пайдалануға болады. Сырт көз үшін таптырмас құрал.
Сіз – кедергі
Сөз сүйектен өтеді. Сыйластыққа бастайтын «сіз» сөзінің кейде адам арасын алшақтатып жіберуі мүмкін. Бұл психологиялық зерттеу кезінде де анық байқалған. Әсіресе сезімдер арасында. Мысал ретінде қос ғашықтың бір-біріне ізеттілік жасауы кезінде. Адам жеке тұлға болғаннан кейін олардың түрлі мінезі мен қасиеті бар. Бірі ұнатады, бірі ұнатпайды. Сондықтан «сіз» деп айтқан кезде де көңілге және екінші жақтағы адамның әрекетіне, жауабына қарау керек. Махаббаттың беріктігі үшін «сен» деп жақын тарту керек болып тұрса, солай сөйлесіңіз.
Жалпы әрбір сөздің киесі мен қасиеті бар. Оны аңғару үшін әрдайым ойланып барып сөйлеу керек. Тіпті «сіз» деп сыйластық танытудың өзі «сен» деп бұйрық беріп тұрған сөзіңізден әлсіз болуы мүмкін.