Өмірде бірін-бірі іздесе де кездеспей өтіп кететіндер қаншама. Иә, шүкір, біз кездестік. Тағдыр бізге кездесуді жазған, алайда, қосылуды жазбапты. Тарпаң тағдырдың бұл теперішін жұбанып жүріп қабыл көрдім.
Мен өзімнен әлі қашып келем. Қашқыннан еш айырмашылығым жоқ, адамның өзінен-өзі қашқаны қандай ауыр еді, өзімнен қашқаным – сезімді төзіммен жасқап тұрып, ащы шындықты мойындаудан, қабылдаудан тайсақтап, азаптан қашқаным, қаймығуға ғана иек артқан ынжықтығым екенін әбден білемін. Тайқы тағдыр қуанып ғұмыр кешуді қызғанатын сияқты менен шынымен. Күлкім де жоқ езуімде, үнсіздік ұласқалы ұзақ күн болыпты. Болдырып да қалғандаймын...
«Жүрек» деген сөздің өзі қандай ә, бір ауырлық жатыр бұл сөзде, бір құдірет жатыр бұл сөзде. Ол жұдырықтай ғана ет емес пе еді, бірақ, оның сезінуі, сезімталдығы өзге бұлшық еттен еселеп артып тұратыны ғажап, ол адамның жан жүйесінің орталығы болғандығы себепті де, кісі көңілінің кілті де жүрек сияқты. Әнтек, оның әрбір дүрсілінде бір адам өзінің ой-қиялымен шексіздікке жол тартып, тұңғиық сырларын сымға тізіп, үмітінің білтесін тұтатып, сенімін семдірмей, рухани азығын жинайтын сыңайлы, сезім де бір жүректен енді бір жүрекке әлде қалай биологиялық өріс немесе ішкі сезінуден қылын улы жебедей қадап-жалғап үлгеретіндей. Сені сезіп қойған да сол жүрек еді. Бар кінәні сені көрген көзім мен сені сезген жүрегіме арта бердім.
«Мені ұмытып кетпе» деп ең. Оһ! Сені ұмыту махаббатты тәрк еткенмен тең емес пе! Сені сағынуға мынау тірлігім аздық етіп тұрғанда, сені ұмытуға қиқымдай уақытым жоқ. Сені маған кездестірген мынау өмірге еш өкпем болған да емес.
«Мені өзгелер түсінбесе мейлі, бірақ, сенің мені түсінбей қалуыңа болмайды», міне бұл сенің маған қойған шартсыз талабың еді, сенің өзімшілдігің де осы еді. Сенің менен іздеген рухани сүйенішің де, сенің маған терең сүйіспеншілігің де осы сөзіңде еді. Қайдам, мен сені түсініп тұрып, қасыңда қалып қоюға дәрменсіздік еттім. Саған: «Біздегі махаббат екеуміз келген өнерді, сенің және менің жанымдағы жақсыларды, өмірге деген ұлы сүйіспеншілікті, барлық арман-мұратымызды қамтиды, сосын да, біздің қалай да жақсы өмір кешуге міндетіміз бар» деп едім. Мен сол айтқаныма жетпедім ғой, ойласам өне-бойыма оттай болып ұятым жүгіреді...
Сен сонша салқын ең, «Менің салқындығым сенің азабыңды асқындырмайды, тек қатырып қана қояды» дегенің есімде. Өз дәрменсіздігіңнен туылатын зардаптан мені күні ертең құтқарып қалатын бірден-бір шараң осы екені әбден. Алайда, сенің соншама салқын күйіңнен менің бойыма ып-ыстық нұр құйылып тұратын еді. Мен қақаған сары шұнақ аяздай азапты күндерде де сол ыстық нұрмен жан дүниемді жылытқанмын.
Жүректің өлеттенгенін көп еститін шығарсың, алайда, жүректің салданатынын естіп пе ең? Менің жан жүйемде салдану белең беруде, бәрінен бұрын шабытсыз қалдым, саусақтарым қарысып, қаламым қаңтарылғалы қашан! Меңірейіп, мелшиіп отыру ғадетіме айналып барады. Сен кім едің осынша мені ғашық етердей? Менің рухани сұранысым сенде ме? Менің тұрмысыма қашан еніп кеттің сен? Кітап да көрмедім. Ұрынып қызметке кірісіп те көрдім. Таң атып қара кешке дейінгі қарбаластықтан қалғытып қара түнді ілестірген іргеден кірген кештерде, қалқиып отырып қазақ тораптарын аралаймын. Көңілге медеу ештеме таппаймын. Сосын, компьютерімдегі сенің барлық жазбаларыңды ақтарамын. Қанша рет оқығанымды білмеймін, сірә сенің сұлбаңды шумақтарыңнан іздеп әбігер болатын сияқтымын. Бірде, маған арнаған өлеңдерің болар деймін, оқып жымиып қоямын, сені және өзімді көріп қалғандай боламын лирикаларыңнан...
Сенің әу бастан-ақ маған тән емес екеніңді сезгем. Өйткені сен күллі қазаққа тән ең, сені күні ертең ұлттың бір ұлы перезенті болады деп ойлаймын. Солай да, сені иемденгім келетінін жасыра алмаймын. Сен бұны бәлкім, менің өзімшілдігіме, менің қызғаншыма немесе ақымақтығыма балайтын да шығарсың. Мен өзімді тергеуден кейін ғана сені иемденуге қақымның жоқтығын байқадым. Тек, тек сені сағынуға ғана қауқарым қаптал жететінін айқын сезіндім. Сенен маған бұйырған несібе осы жалғыз сағыныш екен ғой.
Жұлдыз жайлы әфсана тыңдап көріп пе ең, ерте, ерте, ертеде түнгі аспанда айдан өзге ештеме болмапты. Жер бетіндегі адамдардың өзара терең махаббаты, ұлан-асыр сүйспеншілігінен таралған жарық нұрлар аспанға көтеріліп түнгі аспанда бір-бір жұлдыз болып жарқырап тұратын болыпты. Анда бір жұлдыз ағып өтсін, аққан жұлдызды көрген жан тілек тілеп жатады іштей, ол тілекке адамдардың мейрімнен орнаған анау ақпа жұлдыздан ақ тілеу дарыса екен...
Күн бізге табақтай ғана көрінгенімен, оған жету үшін адамзат 3500 жылдай жол жүруі керек екен, күн бетінің ыстықтығы 6 мың градус, болат оған тигенде демде газға айналып кетеді, күн центрының температурасы бет жағының температурасының 3 мың есесіндей болса керек. Күллі тіршіліктің қуаты - күн мен адам жан жүйесінің қуаты сағыныштың қайсысы ыстық? Сағыныштың шегі қайда? Оның тереңдігі бола ма? Бар болса қаншалық? Күн бізге жақындаған сайын қара жердің апшысын қуырып, адамзатты қапырықпен қақтайтыны баршаға аян. Тек, күннен біз 150 миллион шақырым шалғайда тұрып қана тірлігімізді сақтауға қуат таба аламыз. Ал, сағыныш ше? Сағыныш қарамаққа бізге тым жақын, өйткені ол жүректе, солай ма? Бірақ, мен сағынышты күннен де алыс аралықта болар ма деп ойлай беремін, анау қара түндегі самсыған жарық жұлдыздардың бірінде тұрып жүрегімізге сезіну сыйлап, жылу сеуіп тұр ма әлде? Мен солайша қисынсыз қиялдан қисын іздеп сол сағынышқа жеткім келеді де тұрады, бәлкім, бәлкім менің жан жүйем оған жеткенде, өзім де сол сағыныштың өзіне айналып кетермін бе?!
Мені ұнатуың көп ісіңе кедергілік кергілегенін білемін. Кешір!
Таң қылаңындағы махаббат тәңіріне көз салшы, онда менің саған деген махаббатымның жарқыраған сәулесі бар, мендегі аңсаудан арылмаған, алыстаған сайын аңсары асқынатын сағынышым - ол сені әр күні неше сағат айналсоқтап барып қайтады. Есіңде болсын, сен жалғыз емессің...
Сен азапсыз аттан, қасіретің менде қалсын.
Авторы: Муза
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: sina.com.cn