Өзіңмен бірге алуды қажет ететін шексіз заттардың арасынан есіңнен адасуға болады. Біз жұмыстарыңызды жеңілдетіп, ең маңызды деген он заттың тізімін жасадық. Оларсыз кез келген демалыстың шырқы кетіп, толыққанды болмасы анық.
Жолсілтеме
Кейде бұл анықтауыш позициясын жоғалтып алып жатады – саяхатшылар қалың кітаптың арасынан бір ақпаратты іздегенше тезірек интернеттен қарай салуды жөн көреді. Алайда ақылды саяхатшылар жақсы, сапалы жолсітлеме – белгісіз елде үздік серік екенін жақсы біледі. Әрине, жолсілтеме карталар мен схемалар, қаланың назар аударарлық орындарының суреттері, рейтингтер мен жергілікті мейрамхана, қонақүйлер жайлы толық мәліметпен жабдықталған болуы тиіс. Кейбір жолсілтемелердің соңғы бетінде тілашар болады, бұның да қажет болар кездері көп.
Нетбук немесе смартфон
Жинақы нетбук сөмкеңізде көп орын алмайды, бірақ оның пайдасы әлдеқайда көп. WiFi желісі қазір кез келген қонақүйде бар, сондықтан сіз әрдайым соңғы жаңалықтардан хабардар және байланыста бола аласыз. Сыртқы әлемнен демалғыңыз келе ме? Мархабат! Skype-қа кірмеңіз, поштаңызды тексермеңіз. Бірақ нетбуктен бас тартпаңыз – өйткені сол арқылы автобустар мен паромдардың кестесін, қай жерден көлікті жалға алуға болатынын және қай мейрамханада жақсы тамақтандыратынын білуге болады. Сонымен қатар сүйікті комедияңызды көру арқылы жолды қысқартуға болады.
Фотоаппарат пен батарея
Қарапайым сандық фотоаппарат немесе кәсіптік көлемді фотокамера – қайсы болса да жүк сөмкеңізде болуы тиіс. Бірақ фотоаппараттан бұрын, оның қуаттандырғышы да маңызды рөл атқарады. Міндетті түрде сенімді қуат көзімен қамтамасыздандырыңыз. Егер батареялар пайдалансаңыз – қосымша комплектісін алып алған дұрыс. Туристік елдерде қарапайым батареяларды екі есе қымбат сатып жатады.
Плеер
Онымен саяжайда демалуға, көшеде серуендеуге, жабысқақ саудагерлерден және қонақүйдің мейрамханасынан шығып жатқан қатты дыбыстар мен шудан құтылуға болады. Шет тілін үйреніп жүрсіз бе? Плеерге бірнеше аудиокітаптарды, подкастар мен диалогтары бар дыбыс жолақтарын жүктеп қойыңыз – енді пайдамен демалуға болады! Фотоаппарат жағдайындағыдай қуаттандырғыш құралдарын алып алуды ұмытпаңыз – екі апта демалыста оның көмегі көптеп тиеді.
Күннен қорғайтын құралдар
Күнде қыздырынып жату – тері үшін аса қауіпті екені мәлім. Ультракүлгін сәуле – мезгілінен бұрын қартаю мен терінің бүлінуінің басты себебі. Сондықтан демалыстың бірінші күндеріне жоғары деңгейлі қорғау (SPF 30–50) құралдары мен демалыстың екінші жартысына SPF 10–15 күннен қорғайтын кремін өзіңізбен ала жүріңіз. Күнге күйгеннен кейін жағылатын крем мен шашқа арналған күннен қорғайтын спрейді де ұмытпаңыз. Егер бет теріңізге алаңдайтын болсаңыз, көз айналасын қорғайтын крем мен SPF-факторлы далапты да қосып қойыңыз.
Дәрілер
Өзіңізбен толық дәрі қобдишасын алып жүрудің қажеті жоқ, дегенмен суық тию, бас ауру, температура мен ас қорыту мәселелерін шешетін препараттарды шабаданға салып алғаныңыз жөн. Дәрілерді не үшін өзіңмен алып жүру керек? Біріншіден, мұның бәрі сізге таныс, бұрыннан қабылдап жүрген дәрілер. Шетелде дәрілердің атаулары басқа, сонымен қатар Еуропада рецептсіз тек аспирин ғана сатып алуға болады. Егер аллергияңыз болса, оның да дәрілерін алып алыңыз.
Масалардан қорғайтын спрей
Егер тропиктік аймаққа бара жатқан болсаңыз (Тайланд, Вьетнам, Малайзия, Бразилия және басқа да елдер), онда масаға қарсы спрей шабаданыңызда болуы міндетті. Мұнда масадан бұрын, кешкі мезгілде топпен ұшып жүретін шыбын-шіркейден қорғану керек. Шыбын-шіркей бар демалыстың шырқын бұзуы мүмкін. Тропикалық шыбын-шіркейлер шаққан жер күлбіреп қалып, бірнеше күннен кейін бір-ақ кетеді. Шағудан кейін қалған қызыл дақтар бірнеше апта бойы сақталып қалады. Саяхатқа аттанбас бұрын аймақтың ерекшелігін мұқият зерттеп алыңыз және жәндіктерді қашыратын жақсы спей немесе крем таңдаңыз.
Жүргізуші куәлігі
Көптеген елдерде куәлік тек көлік айдау үшін емес, тіпті мопед немесе скутерді жалға алу үшін де қажет. Егер саяхатқа трансфер және нақты бағдарламасы жоспарланған топтық турмен аттанып бара жатсаңыз да жүргізуші куәлігін өзіңізбен ала барыңыз. Бәлкім, бос уақытта жергілікті автожолдардың картасымен жабдықталып, көлікті жалға алып, өзіңіз армандаған орындарға немесе достармен серуендеп қайтқыңыз келетін шығар.
Туристік сим-карта
Роумингке ақшаңызды үнемдегіңіз келе ме? Демалысқа шығардан бұрын салондардың бірінен трэвэл сим-карта сатып алыңыз. Барлық кіріс қоңыраулар тегін, ал шығыс қоңыраулар біршама арзан болады. Туристік сим-карталардың орташа бағасы теңгеріміндегі сомасына байланысты 1000 мен 15000 теңге аралығында. Трэвел-карталар әлемнің 180 елінде қолданыста, және қалауыңызша өз нөміріңізге келетін қоңырауларды туристік нөмірге келетіндей етіп жасақтауға болады. Ал егер бәрінен демалғыңыз келсе, тек жақындарыңызбен ғана сөйлесіп, жұмыстан біржолата демалсаңыз да болады.
Медициналық сақтандыру
Егер сіз туристік компаниядан жолдама сатып алған болсаңыз, көп жағдайда сақтандыру жолдаманың ішіне кіреді. Алайда егер сіз жалғыз саяхатқа аттанып бара жатқан болсаңыз, уақыт пен ақшаңызды аямай өз өміріңіз бен мүмкіндік болса жүгіңізді де сақтандырып алыңыз. Көптеген сақтандыру компанияларында демалыс уақытына сақтандыру жасайтын арнайы «туристік» бөлімдер бар. Көптеген өркениетті елдерде медициналық көмек өте қымбат екенін, ал басқа елдерде сақтандыру арқылы ғана дәрігердің көмегін алуға болатынын есте сақтаңыз. Сондықтан медициналық сақтандыруды бірінші кезекте ойластырыңыз.
Сурет: caricatura.ru, innoros.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
Оқи отырыңыз:
Жазғы демалыс: жақсы шабадан таңдайық
Демалысқа кетпес бұрын...
Демалыста арзан қонақүй таңдаңыз