Сәннен шықпайтын интерьер бұйымдары

Сәннен шықпайтын интерьер бұйымдары
Фото: remontbp.com

Үй ішін әрлеуде дизайнерлер 2020 жылдан бастап ақ түс қолданыстан шығатынын айтады. Ал сіз үйіңізге бұл классикалық түсті таңдауда сәнге сенесіз бе әлде өз талғамыңызға сенесіз бе, өзіңіз білесіз. Алайда сәннен ешқашан қалмайтын мынадай бұйымдар бар екенін біле жүріңіз.

Ақ жалюзи

Әлі күнге дейін адамдар қарапайым перде орнына жалюзи іледі. Оның ғажаптығы сол, көзге бірден түспейді, адамның назарын бөлмейді, сөйте тұра білінбес ақ түсімен бөлмеге жеңіл атмосфера сыйлайды. Классика!


Былғары диван

Қонақ бөлмесінің интерьерінде бұрыннан әрі түрлі нұсқада қолданылып келе жатқан былғары (кожаный) диван сәннен қалмайды. Оның стилі "честерфилд" деп аталады. Әдетте мұндай дивандар түймелермен сәнделеді. Қара, қоңыр түсін таңдау ұтымды шешім болмақ.

Ыңғайлы жұмсақ кресло

Креслоның қоңыр реңктеріне мән беріңіз, классикалық стиль сақталуы тиіс. Мұндай жиһаз әрдайым сәнді көрінеді. Оны тек түрлі түсті жастықшалармен толықтыра аласыз.

Жақтауы бар үлкен айна

Кез келген уақытта бөлменің ажырамас бөлігі бола алатын жиһаз – айна. Оның сыртында жиектемесі (рамка) болса, тіпті қатып кетеді. Жақтауы пластиктен жасалған болса да, сымбатты көріне алады.

Картина не фото салынған жақтау

Қонақ бөлмесі интерьерін бұлай декорациялауға ешкім сын айта алмайды. Өйткені сүйікті фотографияңызға не адамның ішкі жан дүниесін бейнелейтін картиналарға бас бұрмай бейжай өту мүмкін еместей. Ал жиектемесін әр жыл сайын не белгілі бір уақыт өткеннен кейін ауыстырып, жаңашалап отырсаңыз болады.

Хрусталь аспашам

Қазір төбеге жай шам орнату ең дұрыс шешім деп есептесеңіз қателесесіз. Қай бөлмеге болса да хрусталь аспашам (люстра) ілсеңіз, салтанатын арттыра түсесіз. Жарықтың көп болуы да бөлменің реңін аша түседі. Егер нағыз хрустальді қалтаңыз көтермесе, оған ұқсатып жасалған сапалы түрін де таңдай аласыз.

@. @assel_assanova