Нәресте туылған күннен бастап, әр қимылын, әр қылығын қызықтап, қайта-қайта суретке түсіре беру әрбіріміздің әдетімізде бар болар. Балдан да тәтті балаларсыз өмірді елестетудің өзі қиын.
Сәбилерді фотоға түсіргенде, олар бір орында отырмайды. Аса шапшаң қозғалатындықтан, сәтті кадр алу оңай емес. Кәсіби фотографтар да, әуесқой фотографтар да бала өз ісімен айналысып, сізге назар аудармай алаңсыз отырған кезде сәтті суреттер шығатынын айтады. Басқаша айтқанда, «күтпеген кадрдың» әсері мол.
Егер сіздің қолыңыздағы құрылғыны көріп қойса, одан қашып құтыла алмайсыз. Жылайды, еркелейді, әйтеуір, дегенін жасатпай қоймайды. Ондай уақытта фотоаппаратыңызды абайлап оның қолына ұстатып көріңіз. Қол жеткізген «қызықты ойыншығымен қалай ойнау керегін» үйретіңіз. Сәби қолымен түсірілген сурет те «күтпеген кадр» болары анық. Қандай фото түсіргенін оған да көрсетіңіз. Одан кейін фотоаппаратты ұмытып кетуі үшін басқа ойын ұйымдастыруға тура келеді.
Түсіру нүктелері. Нәрестелерді ересек адамды түсіргендей толық бойын алып, жоғарыдан, биіктен түсірудің қажеті шамалы. Саусағының сүйкімділігін назарға алып, оны жай ғана жамылғымен орап түсіруге тырысыңыз. Оның көзқарасы ойлы адам сияқты бола бастаған сәтін күтіп, сонда ғана жоғарыдан түсіре беруге болады. Егер бала жүгіріп, секіріп, ойнап жүрсе, жүресінен отырып не жатып түсіріп байқаңыз. Баланың ересек адамдардан ерекшеленетін қырын байқай түсетін боласыз.
Фотоәлемге жаңадан келген фотографтардың қателігі – камераны баланың көзінің биіктігіндей жерге қою. Көзі үшінші кадрға түсетіндей етіп, төменірек, иық деңгейінен алып көрген жөн.
Түсірілім орны. Егер көшеде түсіруді жоспарласаңыз, артқы план мен ракурсты алдын ала ойластырыңыз. Бала бір орында, бір күйде ұзақ отыра алмайды. Сондықтан ракурс сіздің қиялыңызда алдын ала ұйымдастырылып жатуы керек. Сіз таңдаған түсірілім алаңы бала еркін ойнай алатындай қызықты болуы керек. Репортаж үшін аттракцион, ойын алаңқайы ең жақсы орын болмақ.
Егер портрет түсіргіңіз келсе, бет әлпетінен басым болып тұрмайтындай, бейтарап фон таңдаған жөн. Жарық қолданарда өте абай болыңыз, кішкентай балалар одан қорқуы мүмкін. Фото біртегіс шығуы үшін жарық маңдайға түсетіндей етіп есептеу керек.
Ұқсас жазбалар:
Керемет күлкі сыйлайтын сәбилердің суреттері
Сәтті түсірілген фотолар