Көпшілік алдындағы сөз тәрізді, пікірталастағы сөздің күші – әсер ету мүмкіндігінде. Ой неғұрлым айқын, тіл неғұрлым нақты болса, оның әсер ету күші де соғұрлым мықты болады.
Сөздің дұрыстығы, дәлдігі, жатықтығы, тазалығы – ой айқындылығынң басты шарттары. Сондықтан пікірталас мәдениетінің басты талабы сөздерді мағынасына сай орынды жұмсай білуімен байланысты.
Сөзді дәлдік болғанда шешеннің айтайын деген идеясы анық көрінеді. Әртүрлі құбылыстарды дәл бейнелей алатындай етіп сөздерді дұрыс таңдай алу сөздің тура, ауыспалы, келтірінді мағыналарын жетік білумен байланысты. Сөздерді мағыналарына сай дұрыс тіркестіре алуға дағдылану керек. Көп мағыналы сөздерді әртүрлі сипаттарына қарай қолдана алу, синонимдес сөздердің ішінен сөйлемдегі ойға қатыстылығын іріктей алу, тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдерді орнымен қолдана білу, омоним сөздердің аражігін ажырата алу, антонимдерді жарастыра қолдануға үйрену дағдылары көп нәтиже береді.
Пікірталас тақырыбына қатысты мақал-мәтелдерді, дәйексөздерді жинақтап, өзіне қажеттісін іріктеуге және оларды шеберлікпен жұмсай білуге төселу қажет. Пікірталас тақырыбына қажетті ақпараттарды тауып, іріктеу, өңдеп қолдану – сөйлеу шеберлігіне апаратын жол. Троптың, фигураның түрлерін жетік білу және оларды орынды пайдалану пікірталас шеберлігіне қол жеткізеді. Бейнелі сөздер мен айшықтау тәсілдерін пайдалануды көркемсөз шеберлерінен үйрене отырып, әркім өзі де қолданып жаттығуы керек. Бейнелі сөз қолданыстары шешен тілінің ажарын ашып, сөздің анықтығын, әсерлілігін арттырады.
Ойды анық жеткізудің басты тәсілі – сөздің грамматикалық құрылысын меңгеру. Грамматиканың заңдылықтарын игеру сөйлемді мақсатына сай дұрыс құру үшін керек. Шешендердің ойды жеткізу тәсілдерін мәтінмен жұмыста үйренуге болады. Нақты тақырып бойынша мәтін құрап жазу, мәтін мазмұнын өз сөзімен баяндау, мәтіндегі сөздерді ауыстырып қолдану, шешендік мәтіндерді лексика-грамматикалық және стильдік жағынан талдау, т.б. жұмыстар пікірталас шеберлігіне үйретудің жолдары ретінде саналады.