Ауыл маңында жайылып жүрген сиырдың қасына көк айдар әтеш жетті. Келе салып: «Менің ұшуды қаншалықты аңсайтынымды білесің бе?» деп сұрады ол сиыр досынан. «Иә, ұшқың келіп жүр ме?» деп сұрады сиыр. «Ооо, келіп жүргенде қалай, мына ағаштың басына ұшып шыққым келіп жүр, бірақ, менде батылдық та, қуат та жоқ» деді әтеш. «Алаңдама, - деді сиыр, - Менің жапамды тойып жесең, күшің артады, биік жартастарға да ұшып шыға аласың» деді сиыр. Әтеш оның сөзіне иланса да, сәл күмән ойлады ішінен. Бірінші күні аздау жеп еді, шынымен қуатты екен. Ең аласа бұтаққа бір секіріп жетіп алды. Екінші күн екінші бұтаққа, осылайша ағаштың ортан беліне жетіп қойды. Соңғы күні ол жападан тойғанша жеп, қанатын керек қағып-қағып жіберіп, ағаштың ұшар басына бір-ақ шықты. Оның кеудесін мақтаныш кернеп, айдарын желбіретіп, айналасына маңғаздана қарап отырады. Дәл сол тұста ағаш басында отырған әтешті көрген егіншінің көзі шарасынан шыға жаздады. «Мына әкеңнің өлейін деген...» деді де мылтығын алып шығып, әтешті атып алды.
Есіңізде болсын, кез келген тағаны жоқ бақ сізді биікке шығаруы мүмкін, бірақ, сол биікте сізді ұстап тұра алмайды.
***
Ағаш басына қонып алған қарға күні бойы түк те істемей отырды да қойды. Тек қарқылдап қана қояды. Оны көрген қоян: «Мен сен сияқты күні бойы ештеңе де істемей отырсам ғой, шіркін» деді. Қарға: «Әрине, оның несі әбестік, онда мына тұсқа кел де демалып жат» деді. Қарғаның ақылы орынды сияқты. Ол ағаш көлеңкесіне келді де шалқадан түсіп жата кетті. Әрі-беріден соң, баспалап жүрген түлкі қоянды бас салды да, мойынын бұрап жіберді.
Есіңізде болсын, егер сіз ештеңе де істемей, күні бойы қарап отыруды армандасаңыз, онда биікте, тым биікте ғана отыруыңыз керек. Бірақ, олай істеу көп адамның қолынан келмейді.
***
10 жасар Ханк әкесі-шешесімен, ағасымен бірге тауға шықты. Бірер сағат өтер-өтпестен, жаңбыр шелектеп құйып кетті. Бір ғана жаңбырдан қорғану киімін әкесі шешесіне берді, шешесі ағасына берді, ағасы інісі Ханкке берді. Мұның себебін сұрап еді, әкесі: «Өйткені, мен шешеңнен күштімін, шешең ағаңнан қуатты, ал ағаң саған қарағанда, қайраты мол, сондықтан, бұл киім саған тәуелді болды» деді. Ханк айналасына қарап тұрды да, жаңбырмен бірге соққан желге дір-дір етіп тұрған бір топ гүлдің үстіне сулықты жауып қойды.
Есіңізде болсын, мықтылық, күштілік ешқашан адамның тән қуатымен немесе ақшасынмен өлшенбейді. Ол сіздің басқаларға көрсеткен көмегіңіз арқылы да бейнеленіп жатады. Жауапкершілік бізге қолға алған жұмысты тәмамдауға жетелесе, адамгершілік қасиет бізді жақсы істер жасауға әкеледі.
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: picnic.com