- Негізгі бет
- Жаднама
- Өзіңе сен, өзіңді...
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар...
Әрбір адам индивид, яғни жеке тұлға. Әйтсе де күнделікті өмірде осы бір ұғымды сезінбейтін, ескермейтін жандар жетерлік. Тіршіліктің қамын күйттеп жүріп адамдар психологиялық тұрғыдан өз-өзімен жұмыс істеуді, моральдық жағынан өз-өзін жетілдіруді екінші орынға қояды, тіпті доғарады десек те болады. Ал мұндай адамдар өзіне деген сенімділікті жолғалтып, өзіне қарау, өзін сыйлау, өзін күту сияқты әрекеттерге аса мән бере қоймайды. Әдетте мұндай типтегі адамдарда көбінше өзін басқалардан төменсіту, айналасындағы адамдарды жоғары бағалап, дәйім солардың пікіріне сүйену, өз ойын бұғып қалу сияқты процестер жиі байқалады. Осындай өзіндік менін жоғалтқан адамдар жайлы дана Абай атамыз былайша айтып өткен: «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның». Адамдардың мұндай көнбіс, жалтақ болуына не себеп? Мұндай теріс қасиеттерден қалай арылуға болады?
Бұдан арылудың бірнеше қағидалары бар. Ең бірінші адам өзін жақсы көруі керек. Күнделікті айнаға қарап өзінің сұлу екендігіне, ақылды екендігіне алдымен өзін сендіруі қажет. Өзін сендірмей тұрып, өзгелерді сендіремін деу, бос әурешілік.
Екінші, бір адамның бойынан бір жақсы қабілетті (дұрыс пікір айту, ән айту, өле шығару, сурет салу, іскерлік т.б) көріп, «Неге мен ондай емеспін? Менің одан қай жерім кем?» деп өзін іштей жегідей жеп, көре алмаушылық сезіміне бой алдыру сезімі әрбір адамда кездеседі. Әрине, айналаңдағыларға бір сәт көз тігіп, олармен санасу, бой түзеу ол дұрыс. Дегенмен әр нәрсеге тыраштанып ұмтыла бермей, бойыңдағы бар дүниені, қабілетті бағалау керек.
Үшінші, әрбір азаматтың (ол кім болса да) қабілеті шексіз емес, шекті болады. Қабілеті шексіз адамды жер бетінен табу қиын, тіпті мүмкін емес. Қабілеті шекті болғандықтан, қабілетті деген адамның өзі әрқашан дұрысын, ақиқатын дөп басып айта бермейді. Бірде дұрыс айтса, бірде қате айтады. Бір жерде дұрыс қадам жасаса, екінші бір жерде қателесіп жатады т.б. Осындай қателескен сәттерде өзіңді жазғыра бермей, керісінше болған жайды жақсыға жору керек. Себебі әрбір қателіктен адам сабақ алады. Ол сенің болашағыңа жасаған баспалдағыңның алғашқы қадамы деп есептеген жөн.
Төртінші, өз тарапыңызға айтылған сыни пікірлерді қалай қабылдайсыз? «Көптің ақылы көл», «көптің ойы кемеңгер» деп халық даналығына сүйеніп, барлығымен бірдей келісе бересіз бе, әлде өз ұстанымыңызды ол пікірлерден биік қоясыз ба? Барлық адам үнемі дұрыс айта бермейді. Бір нәрсені дұрыс айтты екен деп, оның өзге қателіктерін де дұрыс деп санап, бәрін талғамсыз, сүзгіден өткізбей қабылдауға болмас. Ішінде қатесі бар екен деп, дұрысын да қабылдамай қоюға тағы болмайды. Сондықтан бар мәселе кімнің сөзі, кімнің идеасы болса да қатесін сүзгіден өткізіп, дұрысын ғана қабылдауымыз қажет.
Және ең басты естен шығармайтын қағида, әрбір арман мен айтылған сөз шындыққа айналады. Сондықтанда арманымыз биік, сөзіңіз жүйелі болсын. Осы қағидаларды ескерсеңіз өзіңізге деген сеніміңіз арта түсетініне кәміл сенеміз.
Н. Айдархан