Отырыста ойнауға болатын 5 қызықты ойын

Отырыста ойнауға болатын 5 қызықты ойын
Фото: pixabay.com

Кез келген отырысты қызықты өткізу үшін әртүрлі ойын ойнауға болады. Ойын қызық болуы үшін ойыншыны қинап шығармаған жөн және жеңімпаздарға шағын сыйлықтар дайындаған дұрыс. Достарыңызбен ойнауға болатын 5 қызықты ойын ұсынамыз.

"Хормен ән айту"

Қатысушылар саны: 5-30;
Ойын ережесі: Ойыншылардың барлығына жақсы таныс ән таңдалып, соны барлығы хормен айта бастайды. Жүргізуші "тыныш" деп хабарлағанда ойыншылар әнді іштей айтып жалғастырады. Шамалыдан соң жүргізуші "жалғастыр" дегенде ойыншылар әнді дыбыстап жалғастыру керек. Көп жағдайда ойыншылар әнді іштей айту кезінде оның темпін өзгертіп алатындықтан оны дыбыстап қайта жалғастырғанда ойын күлкімен аяқталады.

"Қияр"

Қатысушылар саны: 7-30;
Қажетті заттар: қияр;
Ойын ережесі: Ойыншылар шеңбер болып тұрады және қолдарын арттарына жасырады. Жүргізуші ортада тұрады. Ойыншылар қолдарын артта ұстаған күйінде бір-біріне қиярды береді. Оған қоса, жүргізуші қарамай тұрған кезде қиярды бір тістеп те үлгеру керек. Жүргізушінің мақсаты – қиярдың кімде екенін табу. Ол үшін жүргізуші күмәнданған адамға барып, "қол" дегенде ойыншы екі қолын алға шығарып көрсетуі қажет. Егер қияр сол ойыншының қолында болып шықса, ол ортада тұратын жаңа жүргізуші болады. Егер жүргізуші қиярды тапқанша ойыншылар оны жеп қойса, ол жеңілген болып саналып, ойыншылар ойластырған талапты орындауы қажет. Қиярдың орнына банан, сәбіз немесе бөлке нан қолдануға болады.

"Затпен билеу"

Қатысушылар саны: 7-30;
Қажетті заттар: кез келген шағын зат және музыка;
Ойын ережесі:  Алдымен бір затты таңдап алу керек: ол апельсин, ойыншық немесе басқа да зат болуы мүмкін. Барлық ойыншылар билеп жүріп, бір-біріне сол затты береді. Жүргізуші арасында музыканы сөндіріп тұрады. Музыка тоқтағанда жаңағы зат кімнің қолында болса, сол ойыннан шығады. Ортада соңғы қалған ойыншы жеңімпаз атанып, оған сыйлық беріледі.  

"Портрет"

Қатысушылар саны: 5-20;
Қажетті заттар: әр ойыншыға қағаз, қарындаш және өшіргіш;
Ойын ережесі: Әр ойыншы өзіне жеребе тастау арқылы түскен адамның суретін салады. Кімге кім түскені айтылмауы тиіс. Сурет салуға нақты уақыт бөлінеді. Уақыт аяқталған соң ойыншылар салған суреттерін жанында отқан адамға береді. Ол суреттегі кім екенін тауып, шамамен ұқсатқан адамның атын қағаздың артына жазуы керек. Содан ол қасында отқан келесі адамға береді. Осылайша, барлық ойыншы суреттерге ұқсатқан адамдардың аттарын жазып шығады. Соңында көпшілік дұрыс тапқан адамның суретін салған ойыншы ұтады. Және де ойын соңында осы күннен көңілді естелік ретінде әркімге өз портреті сыйлыққа беріледі.

"Караоке"

Қатысушылар саны: 5-20;
Қажетті заттар: наушник және ұялы телефон;
Ойын ережесі: Ойыншылар кезекпен-кезек құлағына наушник киіп, естіген нәрсесін дәл солай қайталауға тырысады. Ар жағындағы нәрсені естімей отқан ойыншылар үшін бұл ойын өте қызық әрі күлкілі болады. Наушникті радиоға қосқан қызығырақ. Сол кезде наушникпен отқан адам радиодан болып жатқан әнді, жүргізушінің сөзін немесе жарнаманы қайталау керек болады.

А. Жапатова