Тамыз айы жайдары жазды өзімен бірге алып кетіп барады. Бір аптадан кейін күз де келеді. Ал кейбіріміз жаздың қызығын әлі көріп үлгермедік. Олай болса, сырғып бара жатқан жаз маусымын қимай жүрген жандарға мына алты кеңестерді ұсынамыз.
Балғын көкөніс пен жеміс алыңыз
Қызанақ, шабдалы, қауын, қарбыз және алма. Қазір аты аталған жемістер мен көкөністердің дәурені жүріп тұр. Шырыны мол, дәруменге бай жеміс кім-кімге де жазды еске салатыны белгілі. Егер жазды қимаймын десеңіз, тосап, шырын (компот), салаттар жасап, банкілерге жапсаңыз болады.
Көңілді әндер тыңдаңыз
Жаз – көтеріңкі көңіл-күйдің маусымы. Мұң арқалаған күзге дейін көңілді, жанға қуаныш сыйлайтын әуендерді тыңдаңыз. Арасында баяу әндерді де тыңдап отырыңыз. Бұл жаздың өтіп бара жатқанын, күздің келе жатқанын еске салып, тындырылмаған біраз істі бітіруге көмектеседі.
Күн режимін бұзып, қыдырып алыңыз
Жұмыста кешке дейін отырып алмаңыз. Үйге ертерек келіңіз. Әдетте жұмыстан келгеннен кейін жасайтын тірліктеріңізді қоя тұрыңыз. Әдемі киініп алып, отбасыңызбен не достарыңызбен қыдырыңыз. Көл жағасында, саябақта, ойын-сауық орталықтарында болсын, бастысы үйде қалмаңыз.
Табиғат аясында сейіл құрыңыз
Жақын достарыңызға «осы демалыста тауға не көлге барамыз» деп қоңырау шалып, хабарласыңыз. Әрқайсыңыз дастарханға қоятын тәтті, тойымды астарыңызды дайындап келіңіздер, жиналатын орын мен уақытты белгілеп, табиғат аясына шығыңыз. Ескерте кететін жайт, алдын ала ауа райы болжамын қарап алыңыз.
Таза ауада таңғы ас ішіңіз
Үйде есік алдында немесе таңертең ертемен ашылатын кафеден, үйдің балконында отырып, таңғы ас дайындап ішіңіз. Жаз күнінің шуағына шомылып, өткен-кеткенді еске алып, бір тынығып отырып шай ішсеңіз, жаныңыз бір рахаттанары сөзсіз.
Жұлдыздарға қараңыз
Тамызда жұлдыз жиі ағады. Осы уақытты жіберіп алмаңыз. Тамыздың кешінде далада серуендеп, жұлдыздарды бақылаңыз. Егер жұлдыз құлағанын көрсеңіз, арман ойлап үлгеріңіз. Жаздыгүні кешкі самал да адамға берері көп. Шаршаған мидың тынығуына септігін тигізеді.
Міне, сізге ұсынар кеңесіміз осындай. Жазды қимай жүрмін деген оқырмандарға сіз қандай кеңес бере аласыз?