Отбасы – аядай ғана мейірімділік пен сүйіспеншілікке толы сенің Отаның. Отбасын құру әрбір азамат пен азаматша үшін парыз. Себебі ұрпақтар сабақтастығын жалғастырушы, тәрбие мен білімді, әдепті қалыптастырушы орта осы отбасы. Дегенмен отбасын бірден құру да, оның жауапкершілігін арқалау да оңай емес. Сондықтан отбасы болмай тұрып біз ұсынған бес кеңеске назар аударыңыз.
Сіздің жарыңыз – балаңыз емес, сіздің серіктесіңіз. Екеуіңіз өмірдің соңына дейін бірге болатын дос екендеріңізді ұмытпаңыздар. Жарыңыз сізді сәт сайын сүйіп өтуіне кепілдік жоқ. Бұл екеуіңізге де қатысты айтылған кеңес.
«Мәңгілік махаббаттың» дастанын «мәңгілік сыйластық» үрдісі жалғастырады. Ең сенімді және отбасылық өмірді ұзағынан сақтауға, мәңгі бірге тату-тәтті өмір сүруге жетелейтін осы сыйластық екенін ескеріңіз.
Сәби – отбасы өмірінің тұтқасы. Көз қуанышы, бүкіл сезіміңіздің кепілі. Бірақ алғаш дүниеге келген сәбидің отбасында қолайсыздық тудыруы мүмкін. Бұл әрине жамандық шақыру емес, тек отбасын құрмастан бұрын дайын болу керек жағдай. Ұйқыңыз қанбайды, түн ұйқыңызды төрт бөлесіз. Шарсайсыз. Мазасызданасыз. Жауапкершілік бір емес, он есеге артады. Ал бұл қасиеттер мен сезімдерді бастан кешіп көрмеген сіз үшін және сіздер үшін аталған жағдай күйзеліс болуы әбден мүмкін.
Жарыңыздың көңілін табу үшін үлкен сыйлық немесе гүл алып беру міндетті емес. Отбасының тұрақтылығын сақтайтын сөздер де бар. Бұл сөздер сіздің сыйлығыңыздан қымбат: «жаным», «сүйіктім», «қымбаттым» деген сынды еркелетуге бағытталған сөздер сізді де, оны да бақытты етеді. Есіктен кіріп келген кездегі бір-біріңізге деген жылы сөз ақ дастархан басындағы тыныштықтың кепілі.
Отбасы болғаннан кейін барлық мәселені бірігіп шешкен дұрыс. Бұл біріншіден екеуара сезінуге, сыйластыққа алып келеді. Ертең отбасы болғаннан кейін біріңіз ғана жұмыс істеп, біріңіз ғана мәселені шешуде кикілжің туындауы мүмкін. Мұндай жағдай туындаған сәтте араларыңызға селкеу түсіп, қолдаудан қалып, сенімнен ада боласыздар. Қандай әрекет, қандай мәселе болмасын айтыңыз, ескертіңіз, бірге шешіңіз. Отбасы өмірінде жеке бас мәселесі немесе «ол менікі, мынау сенікі» дейтін ұстаным болмауы керек.
Бұл мәселені тіпті қозғамаңыз. Ойыңызға да алмаңыз. Сіз екеуіңіз отбасылық өмірге қадам басқаннан кейін өз жұмыстарыңызды бұрын қалай жасап келдіңіздер, солай жасауға міндеттісіздер. Тек жауапкершілік артады. Сүйіктіңізге «сен сыртта жұмыстасың мен үйде бала бағамын, шаршадым»,– демеңіз, ал сіз жарыңызға «мен жұмыс істеймін, сен бала ғана бағасың ғой» деген сөзді мүлде айтпаңыз. Бұл ойды ұмытыңыз.
Бақытқа бірге жетіңіз!