Өміріңізді жеңілдету сізге жаныңыз шынымен қалайтын істерге уақыт табуға көмектеседі. Жеңілдету шығармашылыққа, қиялға және ойынға уақыт береді. Өміріңізді жеңілдету үшін алдымен, өзіңізге "ол маған не үшін керек" деген сұрақ қойыңыз. Сіз үнемі қарыздар болып жүресіз, үйіңіз әркез шашылып жатқандықтан, керегіңізді таба алмайсыз, күйзеліске жиі түсесіз немесе басқа да себеп болуы әбден мүмкін. Егер сұрағыңызға жауап табылса, төмендегі әдістерге көз жүгіртіңіз.
1. Уақытыңызды қалай қолданатыныңызды зерттеңіз
Өзіңіздің мінсіз аптаңызды жазыңыз. Оның ішіне жұмыс кестесін, үйдегі міндеттеріңізді, хоббиіңізді кіргізіңіз. Бір апта бойы сол жазғаныңызбен дәлме-дәл жүріңіз. Содан соң жасаған әрекетіңіз бен жазғаныңызды салыстырыңыз. Енді ойланыңыз: "Уақытты не нәрсеге кетіресіз?", "Жасағыңыз келетін нәрседен сізді не алаңдатады?", "Оны қалай өзгерте аласыз?".
2. Кей заттарға "жоқ" деңіз
Уақытыңызға шектеу орната бастағаннан кейін өміріңіздің жеңілдей түскенін байқайсыз. Егер үнемі бос болмасаңыз, кей заттардан себепсіз бас тартудың да қажеті бар. Өзіңізді "иә" деп айтуға міндетті сезінбеңіз. Кей заттарға "жоқ" деп айтып, оның орнына не істегіңіз келетінін ойланыңыз.
3. Әмияныңызды үйде қалдырыңыз
Әсіресе, көрген нәрсеңізді ала беретін болсаңыз, ақшаны үйге тастап кетіңіз. Қалтаға тек жолыңызға және түскі асыңызға жететін ақша ғана алып жүрген жөн. Тамақты да өзіңізбен бірге алып жүруді әдетке айналдыруға тырысыңыз.
4. 2 минут медитация жасаңыз
Медитация жасау миды демалтады және сабырлы болуға көмектеседі. Мысалы, көзіңізді жұмып, 1-ден 10-ға дейінгі сандарды елестете отырып, ақырын санауға болады.
5. Қайталама заттарды лақтырыңыз
Бір қорапты алып, үйіңіздегі екеу-үшеуден бар заттардың біреуін ғана алып қалып, қалғанын сол қорапқа салыңыз. Ол бірдей бірнеше кітап, бірдей ойыншық, бірнеше наушник және т.б болуы мүмкін. Содан соң қорапты көзге көрінбейтін жерге (мысалы, балкон) қойыңыз. Бір-екі ай өткен соң ол қораптан ештеңе қолданбаған болсаңыз, заттарды біреулерге таратып беріңіз. Сол кезде ол заттар үйіңізден орын алмайды және басқаның пайдасына асады.
6. Ұсақ-түйектерге мән беріңіз
Сізге шынайы қуанышты не әкеледі? Немен шұғылдансаңыз, шынымен демаласыз? Демалыс күндеріңізді шулы, тынымсыз сауда орталықтарында өткізуді шынымен қалайсыз ба? Мұндай орталықтарға барғасын міндетті түрде артық ақша жұмсайсыз және үйге келгесін демалған-демалмағаныңызды түсінбей қаласыз. Оның орнына денсаулыққа, миыңызға пайдасы тиетін және адам аз жерлерді таңдаңыз. Айналадағы ұсақ-түйектерге мән беріңіз. Мысалы, отбасымен саябақта серуендеу кезінде пішіні ерекше тастар жинап көріңіз.
7. Заттарыңызды жиі жинаңыз
Айналаңыз таза әрі жинақы болып тұрса, өміріңіз жеңілдей түседі. Керегіңіз жылдам табылады, соның себебінен ешқайда кешікпейсіз. Айналаның жиналып тұруы көңіл күйге де жақсы әсер береді. Сондықтан киім тұратын шкафты және тоңазытқышты, жұмыс үстелін жинап, керек емес заттарды лақтырыңыз.
8. Технологияның жақсы тұстарын пайдаланыңыз
Мысалы, қызметтердің көпшілігін (коммуналдық қызметтер, депозит толтыру, кредит жабу және т.б) кезегі көп жерлерге бармай-ақ үйден ұялы телефондағы арнайы қосымшалар арқылы төлеуге болады. Дайындауға уақытты аз алатын асүй гаджеттерін алыңыз.