- Негізгі бет
- Жаднама
- Өмірдің қиындықтарынан шығудың...
Өмірдің қиындықтарынан шығудың жолы
Рейнольдс Додсонның тығырықтан жол табу жөніндегі кеңестері:
1. Ойдағыдай болар деп ойла, бірақ ойдағыдай болмай қалатын жағдайға дайындал. Мұндайға іштей алдын ала әзір адам тез оңалады. Тығырыққа тірелетін жағдайды бажайлаудың амалы: басыңа күн туатын ауыр ахуалдарды ойша өткеру. Бұл тұйыққа тірелген сәттің кесапатынан аман-сау өтуіңе кепілдік береді.
2. Әрекет жасамас бұрын әуелі бұл ісіңнің пайда-зиянын ой елегінен өткіз. Асығыстық арандатуы мүмкін. Батыл әрекетке бармас бұрын асықпай ойлану қажет.
3. Ақыры тәуекелге бел буған екенсің, енді ештеңеге алаңдама.
4. Орайы келіп жатса жәрдем сұраудан да жалтарма. Әдетте осындай өмір өткелдерінен өткен адамдардың қолғабыс-көмегі арқасында ғана ойдағыдай нәтижеге қол жетеді. Жеке-дара қимылдауға талап қылғандар таудай қиындықтарға жолығады.
5. Болмашы нәрселерге алданып, шырматыла берме. Бірінен соң бірі туындап жатқан шұғыл мәселелерді шешу үстінде ең басты мақсатыңды екі елі естен шығарма.
6. Қандай қиын жағдай тумасын, шыншыл бол. Қиын түйінге кінәлі өзің болған шақтарда жалған сөйлеп, жалтаруға немесе жылы жауып қоюға құштарлық оянуы да мүмкін. Ақталудың ұят екені өз алдына, пәлендей пайдасы да жоқ. Шындық ақыры анықталған кезде жалған сөздің зардабы алғашқы ағат істен әлдеқайда зор зиян әкелуі мүмкін.
7. Үнемі "ойдағыдай болар" деп үміттен. Қиын түйіндер – әлдеқашан пісіп-жетілген мәселені шешуден енді шегінерге жол қалмағанының көрінісі. Дағдарыс өзгеріс жасауға итермелейді.
* * *
Халқымызда: "Кімнің бай болғысы келмейді – Құдайы қаламайды, кімнің батыр болғысы келмейді – жүрегі дауаламайды", - деген сөз бар. Тығырыққа тірелген шақтарда қандай қиын ахуалға тап болғаныңмен, мұның өзі саған жаңа мүмкіндіктер беретінін жадыңда ұста. Ұтылсаң, мұның бәрі болашағыңа сабақ. Ұтып шықсаң – бұл өмірдегі ең үлкен жеңісің болуы да ықтимал.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
сурет: allwomens.ru
Л. Лига