- Негізгі бет
- Жаднама
- Өмірдің кері заңдылықтары...
Өмірдің кері заңдылықтары
Өмір несімен қызық? Өмір тек тірлігімен не тыныстаумен ғана емес, бақыт-қайғысымен, түрлі оқиғаларымен қызық. Себебі бұл өмір. Ал осы өмірде күнделікті кездесетін кері заңдылықтар бар. Сіз бұл жағдайлармен күн сайын жолығуыңыз мүмкін.
Сіз біреуді жақсы көресіз. Ол сізді жақсы көрмейді. Қырсық шалғанда сізді біреу жақсы көреді, сіз оны жақсы көрмейсіз.
Іздеген адам жоғын таппайды, бірақ басқа бір жоғын тауып алады.
Ауырып есіңізді алған жеріңіз ауруханаға барған кезде басыла қалады.
(Мұны ғалымдар былай түсіндіреді: адам ауырған кезде ем іздеуге талпынады. Ал ауруханаға барған кезде үрей пайда болып, оның бойында күйзеліс жүреді. Ал бұл күйзеліс адамның барлық денесінде ауырып тұрған нүктелерді жансыздандырады).
Асыққан кезде барлық әрекет бітпейтіндей әрі нәтижесіз қалатындай көрінеді.
Кейде барлығына жеткен зат немесе бұйым тап сізге келген кезде таусылып қалады.
Бәске ақша тіксеңіз, ақша тіккен командаңыз жеңіліп қалады да, ешқандай бәс тікпей көріп отырып, нақты есепті айта аласыз. Бір кем дүние.
Тіл ұшында тұрған сөзді айта алмай қиналу, оны еске түсіріп тұрып, басқа бір ұмытылып кеткен сөзді еске алу, нағыз өмірдің кері заңдылығы.
Зерттеу жасап отырып, сараптама құрып, сұқбат алып жазған мақалаңыз оқылмай, өзіңізге ұнамайтын бір әлсіз еңбегіңіз оқылып жатады.
Қазақта «тоғыз әйелдің толғағы бір күнде келді» дейтін сөзі осы бір өмірдің кері заңдылықтарына балама ретінде айтылғандай. Мәселен, болайын деп тұрған істің болмай қалуы, істеп тұрған заттың аяқ асты істен шығып қалуы осы қатарға жатады.
Іздеп таппай жүрген адамды естен шығар кезде жолықтырасыз.
Қашып жүріп ұсталмай, демалып отырған жеріңізде көзге түсіп қалатын сәттеріңіз де болады.
Сіз киіп келген киімді сыныпқа досыңыз да киіп келуі мүмкін. Тіпті бірдей.
Өмірдің кері заңдылықтарының бірі қолыңыз жетпей, армандап жүрген құнды затыңыздың табылған кезде керек болмай қалуы.