- Негізгі бет
- Жаднама
- Өмір жасын ұзартатын...
Өмір жасын ұзартатын 5 пайдалы әдет. 80 жастағы дәрігер кеңесі
Ричард Бесдин ғұмырын қартайғанда жиі кездесетін ауруларды зерттейтін гериатрия ғылымына арнаған. Ол АҚШ-тағы алғашқы гериатрикалық жобаның бірін бастаған. Қазір Бесдин Браун университетінде денсаулық сақтау және медицина профессоры.
Кәрілікпен күрескен дәрігер "Күнделікті күйбең тіршілікте қандай әдеттер салауатты және ғұмырлы өмір сүруге ықпал етеді" деген сұрақтың жауабын іздеумен болды. Оның кеңесіне құлақ асқандар денсаулығын нығайтып, кәрілікке дайындалған.
80 жасқа келсе де Бесдин өзін сергек сезінеді. Жас кезіндегідей әлі де болсын сквошпен шұғылданады. Ал қарсылас атанған жас жігіттерге еш дес бермейді екен. Бесдин АҚШ-тың орташа өмір жасынан көп жасады. Қазір Америкада тұрғындары орта есеппен 78,6 жыл өмір сүреді. Бұл төрт жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда әлдеқайда төмен.
Ричард Бесдин америкалықтардың өмір ұзақтығы не себепті төмендегенін зерттеп көрді. Оның айтуынша, артық салмақ, дене шынықтырумен шұғылданбау, жаман әдеттер мен ішімдікті шегінен тыс ішу – қазіргі қоғамның басты проблемасы. Осының салдарынан салауатты өмір салтын ұстанатындардың саны азайып келеді. Бесдин өмір жасыңыздың ұзақ болуы және қартайғанда денсаулығыңыздың мығым болуы үшін мына бес кеңесті сақтау керегін айтады.
Грек халқының ас үйін зерттеңіз
Бесдин Жерорта теңізі халықтарының диетасына сенеді. Италия және грек тағамдарының құнарлығы жоғары. Диета ұстайтындар жаңа піскен жеміс-жидек, көкөніс пен тұтас дәнді-дақылдарды көп тұтынады. Бұл созылмалы аурулардың алдын алып, денсаулықты нығайтуға көмектеседі. Пайдалы тамақ ішу – Бесдиннің өмірлік ұстанымы. Теңіз өнімдері, майы аз ет пен жаңғақ жеген пайдалы. Ал фастфуд не өзге де қуырылған, майлы тағамдардан барынша бас тарту керегін айтады.
Арқан балық, сардина және ақ тунец секілді майлы балықтар жерорта теңізі диетасының маңызды бөлігі. Олар инсульт пен жүрек ауруларының алдын алуға көмектесетін омега-3 қышқылына бай. Американың кардиология қауымдастығы аптасына екі рет 3 майлы балық жеуге кеңес береді.
Дене шынықтырумен шұғылдануды тоқтатпаңыз
Зерттеулерге сәйкес, артық салмақ, дене шынықтырумен шұғылданбау өмір жасының қысқаруына әсер етеді. Денсаулықтың қорғанысы – дене шынықтыру. Саламатты өмір салтын ұстанатындардың тек денсаулығы мығым болып қоймайды, оған қоса обыр, сусамыр және депрессияға сирек шалдығады. Америка онкология ұйымы аптасына екі сағаттан бес сағатқа дейін белсенді жаттығумен айналысуға кеңес береді.
Темекіні тастаңыз, тартпасаңыз бастамаңыз
Темекі шегу өмір сапасын нашарлататыны белгілі. Оған қоса жүрек ауруы, обыр, өкпе эмфиземасы секілді аты жаман ауруларға себепкер болады. Тіпті күніне шегілген бір шылымның өзі өмір жасын едәуір азайтады.
Дегенмен шылым шегуді тастағандардың денсаулығы тез арада қалпына келеді. Бір жылдан соң жүрек ұстамасы ықтималдығы азайып, екі-үш жылдан кейін инсульт алу мүмкіндігі түседі.
Шылымнан бөлек электрон темекілер, вейп және қорқордан да бас тартқан жоқ. Мұның бәрі өмір сапасының түсіп, денсаулықтың нашарлауына әсерін етеді.
Дәрігерге уақытылы қаралу
Уақытылы медициналық тексерістен өту күтпеген аурудың алдын алуына көмектеседі. Сондықтан дәрігерге жиі қаралып тұру қажет. Холестерин мөлшері, қан қысымы, тері және кеуде обырына міндетті түрде тексерілу керек. Дәрігерге жиі қаралу өмір салтын өзгертуге де септігін тигізуі мүмкін.
Жан дүниеңізді сау ұстаңыз
Ментал аурулар өмір жасын 14-32 жылға дейін қысқартады. Егер психологиялық жағдайыңызды уайымдасаңыз, дәрігерге қаралу қажет. Күйзеліске ұшырамау үшін медитация не йогамен шұғылданып, дене шынықтырумен айналысуға болады. Бос уақытыңызда ермек тауып, қоғаммен араласып, ішкі жан тыныштығыңызды сақтаңыз.
А. Рысдәулет