«Кітап оқимын, бірақ көбісін ұмытып қалдым» деген пікірді көп естиміз. Ал оны оқудағы қызығынан басқа, өмірлік қағидамызға айналғанын, керек сәтте ондағы білімді қолдануды қалаймыз. Осыған орай, оқыған кітабыңызды ұмытып қалмаудың жолдарын іздестіріп көрейік.
Негізгі 3 әдісті таңдап алайық:
1. Алған әсеріміз
2. Ассоциациялар
3. Қайталау
Кітаптан алған ақпаратты есте сақтау үшін осы айтылған үш талаптың біреуін орындасақ та жетіп жатыр. Ал үшеуін де толық орындаған кезде жадымызға түгелдей ұмытылмастай етіп тоқып ала алады екенбіз. Ендеше осы үш әдісті кеңінен талқылайық.
Алған әсеріміз
Егер қандай да бір кітаптан кереметтей әсер алсаңыз, ондағы ақпаратты есте сақтау өте оңай. Мәселен, Ұлы Отан соғысы жайлы көркем шығарма оқып, ондағы батырлық, ерлік көрсеткен кейіпкерлерге қатты қызықсаңыз, оларды ешқашан да ұмытпайсыз. Бұл әдістің ерекшелігі, сіз сол алған әсерлеріңізді жеке күнделігіңізге жазып қоя аласыз. Ал жазылған дүниені жаттау мүмкіндігі жоғары екенін бәріміз де білеміз.
Ассоцияциялар
Көркем шығармадағы әрқилы сюжеттерді өз өміріңізбен немесе басқа да естеліктеріңізбен салыстырсаңыз еске сақтау мүмкіндігіңіз бірнеше есе артады. Кейіпкердің аты-жөні, жасы, мінезі сізге ұқсайтын болса, онда сіз бұл шығармаға қызығып қана қоймай, оны тез арада санаңызға тоқып аласыз. Қаншалықты көп біліміңіз бен қиялыңыз болса, соншалықты көп кітапты есіңізде сақтайсыз.
Қайталау
Кітапты бір рет қана оқудан сіз 25 пайыз ғана ақпаратты ала аласыз. Ал егер оны бірнеше мәрте оқысаңыз одан да көп ақпарат аласыз. Әрбір қайталап оқығаныңыздан сіз кітаптағы детальдардың өзіне мән бересіз. Егер кітапты толық оқып шыққыңыз келмесе, «ұмытып қалам-ау» деген тұстарын қайталасаңыз да жетіп жатыр.
P.S. Осы аталған үш әдістен бөлек, еске сақтау қабілетіңізді арттыратын кеңестерге де құлақ түріңіз. Мәселен, «Жадыңызды жақсартудың жолдары», «Есте сақтау қабілетін жақсарту», «Есте сақтау қабілетін жақсарту. Жалғасы» сияқты мақалалардың да пайдасы көп.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: ls.ru