- Негізгі бет
- Жаднама
- Оған сұлулық сыйлаған...
Оған сұлулық сыйлаған кім
Эмили атты бір бойжеткен үнемі арманым мәңгі жүзеге аспайды деп аһ ұрып жүретін. Оның арманы не дейсіз ғой? Оның арманы әрқандай бір әйел затының ойындағы қарапайым арман, яғни бір келіскен жігітпен бас құрап, үйлі-баранды болу еді. Алайда, Эмили өзін төтенше сорлымын, мұндай бақыт менің басыма келуі мүмкін емес деп қарайтын.
Бір күні түс ауған шақта, сорлы Эмили атағы шыққан бір психологты «Адамдарды уайымнан арылтады» деп естіп, оны іздей барды. Эмилиге кеңсеге кіруге рұқсат етілді. Қол алысқан сәтте оның мұздай суық қолы психологтың жүрегін қалтыратып жіберді. Психолог оған бажайлай қарады, жанарсыз көзінен үмітсіздік байқалып, үні әрең шығады. Оның барлық іс-әрекеті психологқа: «Мен бір торығып, үміті үзілген жанмын, оған еш амалыңыз жоқ» деп тұрғандай еді.
Психолог оны отыруға ілтипат етті, онымен шүйіркелесе келе қалай істеуді де ойына түйді. Соңында психолог оған: «Эмили, амал табылады, алайда сен менің айтқаным бойынша істеуің керек. Ертең ертемен көшеге шығып жаңа киім ал, десе де, өзің таңдама, сатушыдан кеңес ал, оның көрсеткені бойынша ал, өйткені, сен басқалардың пікіріне мұқтаж емессің бе. Одан соң шашыңды жөндет, әйтсе де, шаш үлгіңді өзің таңдамай, шаштаразға таңдат. Өйткені, басқалардың тамаша ұсынысы қашан да пайдалы болады. Сейсенбі күні кешке үйде қонағасы беремін, келіп қатысуыңды ұсыныс етемін».
Эмили азарда-безер болды, психолог: «Сеніңше болғанда қонағасыға қатыссаң да көңілді бола алмайсың, солай ма?»
«Сөзсіз, көңілді бола алмаймын».
«Әйтсе де, өзіңді көмекке шақырғаным ғой. Кешкі қонағасыға келетіндер баршылық, бірін-бірі танитындар аз. Сен келгенде кім келіп маған амандасады екен деп қыбырсыз отырып алмай, зыр жүгіріп басқаларға көмектесуің керек. Қайсы жігіт жалғызсырап тұрса оған барып амандас...»
«Жігіт? Амандасам ба?»
«Дұрыс, оған барып амандасып, менің атымнан қарсы алатыныңды айт. Көргендердің барлығын құшақ жая қарсы ал. Міндетің маған көмектесіп қонақтарға қарайласу емес пе, түсіндің бе?»
Эмили күдіктене қалды, психолог және де: «Қонақтар түгелдей келіп болғаннан кейін оларға тағы не істеп беруің керек екенін байқап көр. Айталық, үй ысып кетсе, терезені ашып қой; қонақтың кофесі таусылып қалса, оған бір шыны кофе әкеліп бер. Эмили өзің ойлашы, маған үлкен көмек көрсететін болдың».
Сейсенбі күні, тал бойына құп жарастыра киініп, шашын әдемілеп жөндеткен Эмили қонағасыға келді. Ол психологтың айтқаны бойынша әбігерге түсіп қонақтарды күтумен болды. Ол қазір өзін мүлдем ұмытып кеткендей еді. Ашық-жарқын мінезі, бұлақтың сыңғырындай күлкісі қонағасыдағы көпшілікті еріксіз өзіне тәнті етті. Қонағасы аяқтағанда 3 бірдей жігіт оны үйіне жеткізіп салуды өтінді.
Апталар аунап, айлар жылжып өтіп жатты, 3 жігіт те оған өлердей ғашық болды. Эмили олардың арасындағы біреуін таңдап, неке жүзігін тақтырды.
Кейін Эмилидің үйлену тойында біреу әлгі психологқа: «Сіз кереметті жараттыңыз» деді.
«Бұл керемет емес. Бұл өте қарапайым, адам үнемі өзін ғана ойламауы, мүсіркей бермеуі, басқаларды да ойлауы, қарайласуы керек. Эмили осы қағиданы түсінді. Сондықтан, ол өзгерді. Оған сұлулық бағыштаған кім? Оның өзі. Бұл барлық адам білуге тиісті тым қарапайым қағида» деді ол.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: nipic.com
M. Auelkhan