- Негізгі бет
- Жаднама
- Неліктен көне гректер...
Неліктен көне гректер «көк» түсті ажырата алмаған?
Неліктен Гомердің «Одиссеясы» мен «Иллиадасында» теңіздің түсі – шарап түстес, ал балдың түсі – жасыл, қойдың түсі – күлгін делінген?
Теңіз бен аспанның түсі көк, көкшіл, ақшыл көк түсті екенін бәріміз де білеміз. Алайда Гомер қарт теңізді шарап түстес деп сипаттайды. Әрине, жырау бұл арқылы теңіз толқындарының мас адамдай теңселіп-тербелуін сипаттап, бейнелеп көрсеткен деп тұжырымдасақ та болады. Алайда балдың жасыл түсті, ал қойдың күлгін түсті екенін қалай түсіндіреміз?
Гомердің түстер «палитрасы» тек 5 түспен ғана шектелген: металреңкті, қара, ақ, сары-жасыл және қызыл. Гомерден кейін өмір сүрген грек философы Эмпедокл тек 4 түсті ғана ажырата алған: ақ/ақшыл, қара/қошқыл қара, қызыл және жасыл түс. Ал Ксенофон болса, өзімізге белгілі жеті түсті кемпірқосақтың небәрі 3 түсін ғана аңғара алған: қызылкүрең, жасыл және қызыл.
Көне жапон иероглифтерінде де жасыл мен көк түс тек бір иероглифпен берілген. Қазірдің өзінде де жапон халқы көктеген жапырақтарды «ақшыл көк» деп сипаттайды. Көне мәдениеттердің ішінде тек египет халқы ғана көк түсті ажырата алған.
Мұның барлығы көне грек тілінде «көк, көкшіл» деген түс атауының болмауымен байланысты. Грек тіліне соңғы ғасырларда ғана «көк түсті» білдіретін "kuaneos" кірме сөзі енген. Мифологиялық мәтіндерде Зевстің қасы мен Гектордың шашын сипаттауда дәл осы сөз қолданылған.
Тілдегі белгілі бір сөз бен құбылыстың атауы болмауы – оның халық танымында жоқ екенін білдіреді. Яғни, көне мәдениет өкілдері көк түстің қандай болатынын білмеген. Сондықтан да оны тілдік бірліктермен белгіліп, сөзбен атай алмаған.
Адамға түстің атауын айтпасаң, ол ажырата алмайды. Лингвист Гай Дойчел «Сквозь зеркало языка: почему на других языках мир выглядит иначе» атты кітабында балалардың түсті танудағы ерекшеліктеріне мән берген. Г.Дойчел де өзінің қызына аспанның көк түсті екенін ешқашан айтпаған. Кейін аспанның қандай түсті екенін сұрағанда, Дойчелдің қызы ақшыл түсті деп жауап берген.
Лондон университетінің психологы Жюль Давидофф Намибиядағы химба тайпасына барып өмір сүрген. Бұл тайпаның тілінде көк түсті ажыратып беретін сөздің жоқ екенін байқаған. Тайпа адамдары көк түсті заттарды жасыл түсті деп сипаттаған. Ғалым химба тайпасы адамдарына жасыл түсті 11 шаршы мен көк түсті 1 шаршыны көрсеткен. Олардың бірде-бірі көк түсті шаршыны бірден байқай алмаған.
Осыдан келіп Гомер қарияның көк түсті ажырата алмағанын, көне грек тілінде көк түсті белгілейтін атаудың болмағанын тұжырымдаймыз. Психология мен тіл білімі ғылымында концепті деген түсінік бар. Концепті дегеніміз – белгілі бір ұғымға қатысты жинақталған барлық білім қоры. Мәселен, көк түс десек, ойымызға аспан, теңіз елестейді. Ал Гомер қарияның санасында көк түске қатысты ешқандай концепті болмағандықтан, оны теңіз толқындарын сипаттауға да қолдана алмаған. Сондықтан теңіздің түсін сипаттауда шараптың түсіне ұқсастырған болуы керек.
М. Ақан