Дауыс тембрі мен адамның жазуы секілді түшкіру де әртүрлі болады. Біреулердің түшкіргені мүлдем естілмейді, ал басқалар түшкіргенде жанында отырған адамдар шошып кетеді. Неліктен адамдар әртүрлі түшкіреді? Бұл сұраққа жауап табу үшін түшкіру жайлы 10 факт ұсынуды жөн көрдік.
1. Түшкіру - бұл рефлекс. Егер реакция басталған болса, сіз оны тоқтата алмайсыз.
2. Түшкіру - эволюциялық құбылыс және біздің денеміздің қорғаныш механизмінің бір бөлігі болып табылады. Ол бізді бактериялардан және бізге зақым келтіруі мүмкін басқа да факторлардан арылтады.
3. Түшкіру кезінде ауыздан ауа секундына 45 метр жылдамдықпен шығады.
4. Саңырау адам түшкіргенде "әпчи" деген дыбыс шығармайды. Ал еститін басқа адамдардың бәрі дерлік түшкіргенде бұл сөзді айтады. Бұл дегеніміз, дыбысты адам өзі қосады.
5. Кей адамдар кенеттен пайда болған жарыққа түшкіреді.
6. Адам ұйықтап жатып түшкірмейді, себебі бұл рефлекске қатысатын жүйкелер де бұл уақытта демалады.
7. Неліктен адамдар әртүрлі түшкіреді дегенге нақты жауап жоқ. Ғалымдардың көпшілігі оған әртүрлі физиологиялық ерекшеліктері, тәрбиесі, мінезі әсер етеді деген пікірге қосылады. Мұрын пішіні мен сүйек құрылысы аз болса да түшкіру түріне әсер етеді.
8. Кей психологтар адамның түшкіруіне қарап, ол жайлы білуге болатынын айтады. Мысалы, ұстамды адам дыбыс шығармай түшкіруге тырысса, еркін адам қатты түшкіреді.
9. Түшкіру кезінде адам ләззат алады.
10. Түшкіру орталығы ми бағанасының төменгі бөлігінде орналасқан. Мидың бұл бөлігі зақымдалса, адам түшкіре алмай қалуы мүмкін.