Жиенбай Мүлікұлы
(Шағын лирикалық толғау)
– О, сорлы жетім!
– Анасы ерте қайтқан ба мынау пәни жалғаннан?
– Жоға, жанарынан мейір ескен, жүзінен нұр төгілген, ақ сүтін беріп, әлдилеп өсірген анасы ет жүрегі езіліп аялап қана бағып отыр.
– Онда, әкесі қош айтқан ба жарық дүниеге?
– Олай да емес. Самайын қырау шалған, күн қақтаған қоңырқай жүзді, екі білегін сыбанып, баласының ертеңі үшін аянбай еңбек ететін әкесі тәтті тілек, үкілі үмітпен ғұмыр кешіп келеді.
– Жоқ әлде, жазықсыз жапа шегіп туған жерден табаны тайған ба?
– Тіпті де олай емес. Кіндік қанын құныға сімірген, апыл-топыл аяқ ізі қалған, бұрқыратып шаңына аунаған, шалпылдатып суына шомылған, боз жусаны бұрқырған паң даладан ешқашан алыстап көрген жоқ!
– Бәлкім, туған халқы өгейлік танықтан болар?
– Мүмкіндік жоқ. Өз ұрпағы ғана емес, күллі адамзат баласын маңдайынан сипап, бауырына басатын, қойдан қоңыр, қарқаралы, қасиетті, қара орман халқы оған өгейлік көрсетпек түгіл қабағын да шытқан емес.
– Төрт құбыласы түгел оған жетімдік қалай дарысын?
– О-о-л нағыз жетім!
– Қалай-қалай?
– Туған тілінен безген, халқының қасиетін сезбеген ол жетім емей кім жетім?!
– А!?
– Ананың сүтін емді, тілін тепті сыртқа, атаның мейіріне бөленді, салтын таптады аяққа, туған жердің төсінде асыр салды, қасиетіне түкірді, туған халқының мәпесіне бөленді, халқына топырақ шашты, өз басына өгейлік танытты, өз тамырына балта ұрып, тамырсыз тасқа айналды! Нағыз жетім, шын жетім!
– О, сорлы бейбақ!
– Кім сорлы?
– ...
– Ар-намыс, ата салт, ана тілден жұрдай ұрпақ сорлы ма, жоқ әлде халқын қасиеттей алмайтын, ана тілін сүйе алмайтын ұрпақ өсірген халық сорлы ма?
–..?
Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы
Сурет: art.eubank.kz