- Негізгі бет
- Жаднама
- Мұрагер және бақытты...
Мұрагер және бақытты болу
Ерте заманда халқының ықыласына бөленген бір патша өмір сүріпті. Ол әбден қартайып, тағын ұлдарының біріне мұрагерлікке тастамақшы болыпты. Билеушінің он ұлы бар екен. Мұрагерлікке кімді тағайындарын білмеген патша, оларды сынап көруді ойлапты. Бір күні ол ұлдарының барлығын шақырып алып, оларға гүл ұрығын беріпті. Үш айдан кейін осы ұрықтан кім тамаша, әрі, көркем гүл өсіріп шықса, тағымды соған беремін депті патша. Туған ай – туралған еттей болып патшаның айтқан уақыты да өтіпті. Ұлдары кезек-кезегімен өздері өсірген гүлдерін патшаға әкеліп жатады. Көздің жауын алатын, қараған жанды арбап қасынан кетірмейтін сәнді гүлдер көрген жанды тәнті етеді. Ең соңынан ордаға кірген патшаның кіші ұлының ғана гүл тұғырында ештеңе жоқ, қара топырақ еді. Ол патшаға жыламсырап тұрып: «Әкетай, мен сіз берген гүл ұрығын үш ай қанша баптасам да, су беріп, күн нұрын түсірсем де ол бүршік атқан жоқ. Кешіріңіз мені!» дейді. Патша қатты әсерленіп, өзінің тағын осы кіші ұлына беретіндігін жария етеді. Шындығында патша барлық ұлына өнбейтін, өлі ұрық берді, өзіне ең адал, шыншыл ұрпағының таққа ие болуын қалаған патша осылай мұратына жетіпті.
Шыншылдық – адам өмірінің жан тамыры, барлық құн атаулының іргетасы. Шыншылдықтан айрылған адам бәрінен айрылады. Ағылшын жұртында: «Егер бір күн бақытты болғың келсе шаштаразға бар, бір апта бақытты болғың келсе үйлен, бір ай бақытты болғың келсе мініс ат сатып ал, бір жыл бақытты болғың келсе жаңа үй салып ал, өмір бойы бақытты болғың келсе шыншыл адам бол» деген тамаша нақыл сөз бар. Шын өмір сүрейік, шыншыл болайық!
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: nipic.com
M. Auelkhan