Қазақта «аузы ашық адам» деген тіркес бар. Бұл сөз кейде жағымды, кейде жағымсыз көзқарас ретінде айтылады. Өзінің не өзгенің құпия-сырын ішінде сақтай алмай басқаларға айтып қоятын адамды осылай атаймыз. Алайда қандай жағдай болса да, ешкімге айтуға болмайтын ұғымдар бар.
Әдетте мектепте немесе ЖОО-да соңғы жыл оқып жүрген адамнан «Бітірген соң не істейсің?» деп сұрасаң, «Білмеймін» немесе «Ойланып жүрмін» деп қысқа қайырады. Білмейді емес, жақсы біледі. Әркімнің іштей ойлаған жоспар-жорамалы болады. Бірақ олар ойын әркімге айта берсе, орындалмай қалуы мүмкін деп ойлайды. Өзіңіз де басқа қалаға қыдырып барарда, үлкен істі қолға аларда қуанышыңызды барлығымен бөлісіп жүрсеңіз, орындалмай қалатын кезбен көп кезіккен боларсыз. Сондықтан, болашақ жоспарларыңыз орындалмайынша, ешкімге тіс жармауға тырысыңыз. Істейін деп жатырмын емес, істедім дейтін кезде ғана айтуға болады.
Жақыныңызға не бейтанысқа қол ұшын созып, ешкімнің қолынан келмейтін көрсетсеңіз, оны жарияға жар салып, айтудың қажеті шамалы. Сіз өз арыңыз алдында таза болу үшін ғана көмектескен болсаңыз, оны өзгелер білуінің қажеті қанша? Бақытты болу үшін өзгелерге қайырымдылық көрсету керек, көңілің көтеріліп, өзіңді жақсы сезінесің деген ұғым бар. Өзіңізді жақсы сезінгеніңіз сонша, қуанышыңыз ішке симай бара жатса, ең жақын адамыңызға ғана айтуға болады. Ал бақыттың буымен қарсы кезіккен жанның бәріне айта берер болсаңыз, олар бұл ісіңізді жұртқа мақтану мақсатында жасады деген ойда қалуы мүмкін.
Қазақта жария садақа деген ұғым бар. Мұны біреулер теріс түсініп, ауру сәбиге ота жасатуға бөлген қаржысы көлемін, чегін әлеуметтік желілерде жариялап, ауыз толтырып айтып жүруі мүмкін. Жария садақаға барлық адамға көмегі тиетін іс жатады. Мысалы сіз салғызған мектеп не аурухананы барша халық қолданып, рахатын көреді. Міне, осыны жария садақа деп айтуға болады. Өз өзіңізді мақтаудан аулақ болыңыз. Өзіңді өзің көтермесең, кім сені мақтайды деп жатады. Егер, шынында, мақтауға лайық болсаңыз, жақсы іс жерде жатпайды, сізді мақтайтын өзге жандар табылады.
Жақын адамдарыңыздың кемшілігін ешкімге айта көрмеңіз. Үйдегі кикілжіңдерді де басқа адамдарға айтуға болмайды. Үйдің әңгімесі сыртқа шықпай, үйде қалуы тиіс. Мысалы, ағаңыз не күйеуіңіз, жігітіңіз сізге тым ауыр сөз айтып, ренжітті делік. Сіз қазір ашумен ең жақын құрбыңызға не анаңызға айттыңыз. Қанқызуымен оны жамандап, болмағанды да болды деп қосып айтып жіберуіңіз де мүмкін. Қандай жағдай болса да ол сізді ренжіткенін сырласыңыз кешіре алмайды. Кейін сіз жігітіңізді кешіріп, түк болмағандай қайта араласып кетесіз де, мұң шаққан адамыңыз оны кешірмей, «осындай жаман екен» деген ойда қалады, оны ұмытпауы да мүмкін.