Адамдар арасында кейбір оқыстан болатын жағдайларда жәрдемі тиетін көптеген әдіс-тәсілдер бар. Ал шындығында олардың көбінің пайдасынан гөрі зияны молдау екен. Мысалы, тамақтан уланған кезде марганцовканың әлсіз ерітіндісін ішкізу дұрыс деп жатамыз. Шындығында, бұл қате. Өйткені оның түйірлері 70 градустық ыстық суда ғана толық ериді. Ал ерімей қалған түйірлер асқазан-ішек жолына түссе, оны бүлдіреді. Ең дұрысы, асқазанды тазарту үшін 3-5 стакан жылы су ішкен жөн. Себебі ол құстырады, сосын тез арада дәрігер шақыру қажет. Күйген жерге май жаққан да дұрыс емес. Крем, айран, тұзды май жаққан жағдайда теріге, сосын тереңдегі ұлпаларға өткен ыстықтың кері шығу жолы жабылады, ол күйікті күшейтіп, асқындырады. Ең дұрысы күйген жерге су тигізу. Бірер секундқа емес, 10-15 минуттай уақытқа. Денеге әсер етуші ыстық толық басылғасын ғана жарақатқа май жағуға болады. Алайда оны дәрігер кеңесімен жасау керек. Естен танған адамның тілі әрі қарай кетіп қалмас үшін оны тартып тұру немесе бірдеңеге бекітіп қою да дұрыс емес. Ең дұрысы зардап шегушіні бір жанына қарай жатқызу. zamana.kz