ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің есебінше, бүгінгі таңда Қазақстан бойынша жер үйлердің жалпы саны – 2 миллионға жуық. Олардың 107 мыңы өрт сөндірушілердің тікелей бақылауында, тіркеуде тұрғандар.
Тікелей бақылауға алынған үйлер – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың баспанасы. ҚР ТЖМ Мемлекеттік өрт қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Әйгерім Райымқұлованың айтуынша, жылыту маусымында әлеуметтік жағдайы төмен қоғам мүшелерінің өрт қауіпсіздігін сақтау – басым бағыттардың бірі.
"Мұндай әлеуметтік топқа тиесілі 107 мың жер үйге ерекше бақылау орнатылған. Үнемі тексеріліп, профилактикалық шаралар өткізіліп отырады. Төтенше жағдай болған жағдайда, әрбір дерек қоғамдық қорғаныс органдарының қатысуымен тексеріледі. Әлеуметтік мұқтаж топтарға көбірек көңіл бөлуге тырысамыз. Демеушілер тартып, баспананың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қолғабыс етеміз. Әсіресе, жаз уақытында пештерін жөндеп, мұржаларын тазалап береміз", - деп атап өтті Әйгерім Райымқұлова.
Оның айтуынша, үйді өрттен сақтаудың ең басты амалы – өрт қауіпсіздігі ережелерін ұстану.
"Жер үйдің немен жылынатыны маңызды емес. Газбен, көмірмен жылытылса да, ең бастысы өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау. Газ тартылған үй басқа үйлерге қарағанда қауіпті деуге келмейді. Оның да сақтық шаралары көмірмен жылытылатын пештікімен бірдей", - деп түсіндірді ол.