- Негізгі бет
- Жаднама
- Мұхтар Әуезовтің қойын...
Мұхтар Әуезовтің қойын дәптерінен
- Ас тасыса, қатығы төгілер, ашу тасыса, ақылы төгілер.
- Қойды қой деп қомсынбаңдар, қойсыз елге үй бітпейді.
- Ердің тамаша әрекеті көз алдында істеліп жатқан шағында онша бағаланбайды. Көбінше ол ер сол істің үстінде қаза тапса, қатерге кетсе, сонда ғана жұрт көңілі оның ерлік қасиетін дуылдай мақтай жөнеледі.
- Кейбір жоқшылық пен мұқтаждық сорына ұшыраған жандарды көргенде, өзіңнің амандығың мен бақытың үшін ұялғандай боласың.
- Көркемөнердің міндеті — табиғатқа еліктеу емес, оның сырын ашу.
- Ой үстіндегі түйіліп қалған бір адам жарқыраған толқындардан көз алмай тұр: Көз шыдап болмас жарық болса да жалтармайды. Рас болса, жарқыраған күнге бүркіт көзі таймай, жасымай қадала қарайды дейді ғой.
- Жағымпаз, тынымсыз бір сорақы тыпырлап, жалбақтап, дөңгеленіп құйтыңдағанда, өзін табаға салып пісіріп жатқандай бұлталаңдайды.
- Сүйген шақта біздің ақылсызданып, ақымақ боп кететініміз де болады.
- Түлкі арыстанға: Менің күшігім қандай көп, жыл сайын табам және көп-көптен табам. Сенікі не, бәрі біреу-ақ, — дегенде, арыстан: Біреу де болса, ол арыстан ғой, — депті.
- Жігітті жылы сөз ширатпайды, сын ширатады.
- Не керек? Ой керек... Ойсыздық қатер... Жасқа да, кәріге де бір шарт, жалғыз шарт: ішіндегі өзіңнің шыныңды, өз көңіл төріндегі шыныңды (шын) шалғандай, орағандай ойың қайда? Үлкен шығарманың үлкен сырынан, шыңынан соның білінсін... Шығарма – қарақ суынан суарылған, әр жанның өз түп-түкпірінде туған меруерті болсын.
- Кейбір жеке әзіл ретінде қолданатын арнаулы сөздер: жансебіл, иісалмас, итжемес, алақұйын, аласұр.
Дайындаған: Сұңқар Ақбоз
Сурет: lifesecrets.in.ua
M. Auelkhan