Бүгінде минимализм жастардың арасында ерекше ықыласқа ие. Біреулер үшін бұл қарапайым ақ қағазға түскен қара дақ болса, ал кей адамдар мұны кең ауқымды түсінік ретінде қабылдайды. Тіпті адамдар өзіндік пікірді ұстанып, қолдайтынын не қарсы екенін білдіріп жатады.
Минимализм – өмір ұстанымы
ИӘ! Өзіңізге керек емес заттардан арылған соң өміріңіз әлдеқайда жеңілдей түседі. Уақытында қолданылмаған зат өзектілігін жоғалтады әрі жаман энергияны бойына жинайды. Ал, сіз одан дер кезінде құтыласыз.
ЖОҚ! Артық заттан арыламын дегенше, өмірдің рахатын сезінген әлдеқайда жақсы. Егер тоқышылық заманда өмірге келсем, берген материалдық мүмкіндікті неге пайдаланбасқа?!
Минимализм – тұтыну мөлшерін азайту
ИӘ! Егер күнделікті ауыстыратын киіміңіз болса, онда артығын алып керегі жоқ. Бұл уақытыңызды, ақшаңызды үнемдейді. Қарыз деген нәрсені ұмыта беріңіз.
ЖОҚ! Отбасылы адамға минималист болудың пайдасы аз. Өзіңіз ойланып көріңізші, кішкентай балаңыз қуыршақ алып беруді сұрайды. Ал, жарыңыз тозығы жеткен бір киіммен әлі жүр. Өйткені ол – минималист.
Минимализм – керек емес қатынастарды доғару
ИӘ! Есесіне сізде отбасыңызға бөлетін уақыттың мөлшері арта түседі.
ЖОҚ! «Адам күні адаммен» демекші, қарым-қатынасты үзу – өмір сүру қабілетінен айырылу. Қандай жағдай болмасын достар мен таныстар керек.
Минимализм – еркіндік
ИӘ! Бұл – қаржылай және рухани еркіндік. Ешқашан керек емес тауарларға, бөгде адамдарға тәуелді болмайсыз.
ЖОҚ! Еркіндік – таңдау мүмкіндігіңнің зор болуы. Өзіңізді шектеу арқылы қызық өмірге тосқауыл қоятын болсаңыз, сіз тәуелдісіз! Заттарға емес, ойыңызға тәуелдісіз.
Сіз минималист болуды таңдар ма едіңіз?