- Негізгі бет
- Жаднама
- Ми жұмысын жақсартудың...
Ми жұмысын жақсартудың 5 ережесі
Америкалық нейрохирург, медицина ғылымдарының докторы әрі жазушы Санджай Гупта ми жұмысын жақсарту мен саулығы жайлы сұхбаттарында жиі айтады. Ол үшін арнайы 5 ережені түзіп шыққан.
1. Қимыл-қозғалыс
Спортпен шұғылдану ми жұмысына оң әсер етеді. Нейрохирург бір ғана спорт түрімен айналыспай, жаттығуларды алмастырып тұру керек деген кеңес береді. Мысалы ылғи жүгіретін болсаң, келер жолы велосипедпен жүру немесе суда жүзуді байқап көру керек.
Аэробты және көп күш жұмсайтын жаттығулар ми үшін өте пайдалы. Ми мен физикалық жаттығу жасау бір-бірімен тікелей байланысты, - дейді Санджай Гупта.
Егер көп күш жұмсайтын жаттығулар жасағың келсе, онда бастапқыда қарапайым жаттығулардан бастау керек. Спортпен шұғылдануға, жаттығу жасауға уақыт табылмаса, не құлқың тартпаса, онда кей істі әдетке айналдыруды жөн санайды. Мысалы телефонмен сөйлесіп жүріп серуендеу, лифт орнына баспалдақпен шығып түсу, көлікті жұмыстан алыс тұраққа қою. Мұның бәрі көбірек қимыл-қозғалыс жасауға сеп болады.
2. Оқу
Оқу, жана дүниені тану – миға өте пайдалы жаттығу. Нейрохирург оқуда мынадай кеңес береді:
• Жұмысың мен қызығушылығыңа қатысы жоқ кітап оқы;
• Сурет сал немесе тамақ пісіруге қатысты курстарға қатыс;
• Жазушылар ортасы немесе оқыған кітабын талқылайтын клуб құрамына қосыл;
• Жаңа тіл меңгеруді қолға алып көр;
3. Тынығу
Тынығып босаңсу тек денеге қатысты емес. Ми да тынығу керек. Зерттеулердің көбі анықтағандай, ұйқының дұрыс болмауы, дұрыс тынықпау есте сақтауды нашарлатады. Ал ұзаққа созылған күйзеліс оқу мен жаңа ортаға бейімделуді тежейді, - дейді Санджай Гупта.
Бір сөзбен айтқанда, ми тынығу үшін дұрыс ұйықтау керек. Ол кемінде 7 сағат тынығуға кеңес береді. Сонда ми жұмысы да жақсара түседі. Бұл үшін мына кеңестерін ұстануды жөн санайды:
• Ұйықтар алдында кем дегенде 3 сағат бұрын тамақтану керек;
• Сағат 14:00-ден кейін құрамында кофеин бар сусындарды ішуге болмайды;
• Уақытылы жатып, уақытылы ояну керек;
• Ұйықтар алдында ыстық ванна қабылдау керек немесе кітап оқыған пайдалы;
• Жатын бөлме тыныш және қараңғы болғаны абзал.
4. Дұрыс тамақтану
Санджай Гупта "таңда патша, түсте ханзада, ал кешке қарапайым шаруа секілді тамақтан" деген қағиданы ұстанады. SHARP әдісін де қолданған жөн дейді.
S: қант мөлшерін азайту;
H: көбірек су ішу;
А: құрамында омега-3 мол тағамды көбірек жеу;
R: тамақ мөлшерін азайту;
P: тамақтануды алдын-ала жоспарлау;
5. Қарым-қатынаста болу
Қарым-қатынас жасау өмірді мәнді ете түседі. Мұны ғалымдар әлдеқашан дәлелдеген. Нейрохирург өз сөзінде, өзгелермен қарым-қатынас жасау ми жұмысын жақсартатынын, когнитивті мүмкіндігі сақталатынын айтады.
Санджай Гупта біреумен қарым-қатынасты қайта қалпына келтіру, достармен жолығу, пікір алмасуға үндейді. Осы арқылы адам миы да тезірек жұмыс істеуге бейімделе бастайды.
Нейрохирург осы кеңестерді ұстануға, оларды өз жоспарыңа қосуға шақырады. Алдымен біреуіне баса мән бере бастаңыз. Миыңыз жаңа ережелерге қаншалықты тез үйреніп, өміріңіз қаншалықты өзгергеніне таң қалуыңыз мүмкін.
Н. Үсенова