- Негізгі бет
- Жаднама
- Ми белсенділігін арттыратын...
Ми белсенділігін арттыратын 5 лайфхак
Дене бұлшықеттерін секілді миды да жаттықтыруға болады. Ендеше, мидың үйрену және бейімделу қабілетін қалай арттыруға болады?
Ми — ерекше орган. Ол адам денесі массасының тек 2%-ын құрай тұра, бүкіл ағзаның 20% энергиясын қолданады. Уақыттың әр сәтінде нейрондар деп аталатын мидағы миллиондаған жүйке жасушалары жаңа ақпаратты өңдеуге қатысады. Нәтижесінде, олардың арасында жаңа байланыс арналары қалыптасады және ми өз құрылымын өзгертеді. Ғалымдар бұл құбылысты нейроикемділік деп атайды. Соның арқасында біз жаңа тілдер үйренеміз, дағдыларды игеріп, оларды дамытамыз және күрделі есептерді шешеміз. Ғалымдар адам ми нейроикемділігін басқара алатынын және сол арқылы оның өнімділігін арттыра алатынын анықтады.
Тамақтануға ерекше назар аудару
Жаңғақтар, балдырлар, майлы балықтар, зығыр және сора майларында омега-3 көп қанықпаған май қышқылдары көп. Олар ағзада өндірілмейді (яғни олар алмастырылмайды) және жасуша мембраналарына, миға, жүйке және эндокриндік жүйелерге құрылыс материалы ретінде қызмет етеді. Егер олар ағзаға тамақпен бірге уақытылы және жеткілікті мөлшерде келіп тұрса, ми тиімді жұмыс істейді және кәрілік деменция қаупі айтарлықтай төмендейді.
Лецитинге бай жұмыртқа мен бұршақтылар мидың жұмысын жақсартады: ол А, Д, Е және К дәрумендерінің жақсы сіңуіне ықпал етеді және ми жасушаларының оттегімен қамтамасыз етілуін жақсартады. Көпшіліктің сүйікті дәмдеуіші — куркума мидың белсенділігін арттырады және жаңа нейрондық байланыстардың пайда болуына ықпал етеді.
Сапалы ұйқы
Біз ұйықтап жатсақ та, ми жұмыс істейді: ол түнгі режимде жадты өңдейді. Қысқа мерзімді есте сақтау ұзақ мерзімді жадқа айналады, соның арқасында біз есте сақтаймыз және жаңа нәрселерді үйренеміз. Сол себепті, мысалы, емтиханға түнімен ұйықтамай дайындалудың орнына күндіз оқып, түнде жақсылап ұйықтап алған жөн: сол кезде ертеңгісін емтиханда күндіз оқыған ақпарат есте жақсы сақталады. Сонымен қатар, ұйқы кезінде ми өткен тәулікте шығарылған метаболизм өнімдерден тазартылады. Егер түнде ұйықтамасаңыз, бұл процесс толыққанды орындалмайды. Соның кесірінен токсиндер ми жасушаларында жиналып, Альцгеймер ауруының басталуына ықпал ететін нейродегенеративті өзгерістер тудыруы мүмкін. Бұл ауру жас кезде де пайда болуы әбден мүмкін.
Зияткерлік хобби
Шахмат ойынының нейроикемділікті дамытатын мүмкіндігі бар. Зерттеу нәтижесінде шахматшылардың алдыңғы белдеме қыртысында (мидың эмоцияларды қалыптастыруға, өңдеуге, оқуға және есте сақтауға жауап беретін бөлігі) сұр зат бұл ойынмен таныс еместерге қарағанда едәуір көп екені анықталды. Формулаларды немесе ұйқастарды есте сақтау сияқты мнемоникалық жаттығулар алдыңғы төбе қыртысындағы нейрондық байланыстарды жақсартуға көмектеседі және жаңаларының қалыптасуына ықпал етеді.
Медитация
Миымыздың оң жартышары бейнелі ойлауға, назар аударуға, шығармашылыққа және әлемді эмоционалды қабылдауға жауап береді. Сол жақ жартышардың міндеті – логика және аналитикалық ойлау. Көпшілік күнделікті өмірде сол жақ, яғни, рационалды жартышарды басшылыққа алады, соның салдарынан мидың жұмысында қателік пайда болады, күйзеліс, депрессия басталып, созылмалы аурулар күшейеді.
Медитация екі жартышарды теңестіреді, өйткені бұл кезде сол жақ «сөнеді» де біз ояу кезде ерекше ұйқы күйіне енеміз. Нәтижесінде біз қоршаған ортаның тітіркендіргіштеріне аса мән бермей, сабырлы бола түсеміз. Көптеген зерттеулер эмоционалды реакцияларға жауап беретін бадамша пішімді дене (ми аймағы) медитация кезінде айтарлықтай кішірейетінін көрсеткен.
Қол ептілігін дамыту
Егер сіз оңқай болсаңыз, басым емес сол қолыңыздың моторикасын дамыту жаңа нейрондық байланыстарды қалыптастыруға және бұрыннан барларды нығайтуға көмектеседі. Солақайлар үшін оң қолды пайдалану ұқсас әсер береді. Мысалы, күн сайын басым емес қолыңызбен тісіңізді тазалап көріңіз немесе онымен жазу дағдыңызды дамытыңыз.