- Негізгі бет
- Жаднама
- Массагеттен нұсқаулық: Пойыз...
Массагеттен нұсқаулық: Пойыз не ұшақ билетін интернеттен алу
Алдыңғы материалда электронды билеттің артықшылықтарын жазғанбыз. Билет алу жолдары қазақ тілінде түсінікті түрде жазылып тұрғанымен, қалай сатып алуды әлі білмейтін адамдар бар екенін ескеріп, нұсқаулық ұсынамыз. Билетті ең оңай әрі тиімді сатып алатын сайт – epay.railways.kz. Осы сайт арқылы пойызға билет бар-жоғын, қай орындар бос екенін тексеруге болады. Ал банк картасында ақшаңыз бар болса, билетті осы сайт арқылы сатып алуға болады. Ол үшін тіркелуіңіз керек. Сайттың жоғары жағындағы "тіркелу" мәзірін басып, қажетті ақпараттарды толтырасыз. Осы логин, парольді ұмытпай, жазып қойыңыз. Билет алар кезде кез келген уақытта осы логинмен кіресіз. Ыңғайлы болу үшін бірден қазақ тілін таңдап алсаңыз болады.
Өз атыңыздан кіргеннен кейін "Бағыт" деген бағанға бірінші шығатын бекетіңізді, екінші баруыңыз керек бекеттің атауын жазыңыз. Үшінші қай күні жол жүретініңізді таңдаңыз. Сізге қажетті күн сұр түспен беріліп, белгіленбей тұрса, демек ол күндерге билет сатылымы әлі ашылған жоқ деген сөз. Бекет атын жазарда қаланың атауы емес, сол қаладағы бекеттің атын анықтап жазыңыз. Мысалы Ақтау қаласына поезд бармайды, оның вокзалы Маңғышлақ деп аталады. Тағы бір ескерерлігі, өкінішке орай, бұл сайтта қазақ әріптері енгізілмеген. Шымкентке барар болсаңыз, станция атауын Чимкент, Шу қажет болса Чу деп жазып іздейсіз.
Бағыт пен уақытты таңдаған соң, "Орынды іздеу" мәзірін басасыз. Егер бір бағытты қарағаннан кейін, осы бағыттағы басқа күннің билеттерін іздегіңіз келіп, артқа қадамын басқанда, іздеу мүмкін болмаса, бағыт жолын басынан бастап қайта толтыру қажет, яғни Алма Ата 2, Мангышлак дегенді қайта жазып, басқа күнді таңдайсыз.
Орындарды іздеуді басқаннан кейін, сізге осы бағытта қатынайтын бірнеше поеездер ұсынылады. Алматыдан Астанаға жол жүргіңіз келсе, Петропавлға баратын поезден не өзіңізге ыңғайлы уақытты жүретін кез келген поезді таңдай аласыз. Плацкарт пен Купе деегн жазу жанында қайсысында қанша орын қалғаны жазулы тұрады. Вагондағы орындарды басып, қайсысында қандай орын бар екенін анық көре аласыз.
Бос орындар – ақ түспен, бос емес орындар – қызыл түспен белігіленеді. Өзіңізге ыңғайлы орынды таңдағанда ол қоңырқай түске боялады. Жаз мезгілінде билет таңдағанда мынаны ескеріңіз. Вагондағы үшінші және алтыншы купенің терезелері апаттық жағдайларға арналған, жаз мезгілінде ашуға рұқсат жоқ. Ыстыққа шыдамайтын болсаңыз, 9, 10, 11, 12 және 21, 22, 23, 24 – осы сегіз орынды таңдамағаныңыз абзал.
Тапсырысты рәсімдеуді басқаннан кейін төлқұжаттағы мәліметтерді енгізесіз де, Соңындағы Келісімшартты құптау батырмасына қарғаша (птичка) қойыңыз.
Берілген ақпараттар дұрыс екеніне көз жеткізіп, құжат нөмірін, бару-келу уақытыңызды нақтылап алған соң, тағы да Төлеуді басасыз не тапсырысты қайтарсаңыз да болады.
Одан соң банк картасын қолыңызға алып, қажетті мәліметтерді толтырыңыз. Электронды проштаны жазу міндетті емес.
Билетті сәтті алған соң, жаныңызда принтер болса бірден басып шығарсаңыз болады. Болмаса кез келген уақытта қайта кіріп, аты-жөніңіз жазылған бағаннан Менің тапсырыстарым мәзірін таңдасаңыз, билетіңіз осы жерде сақталады. Қазіргі кезде билетті басып шығармай-ақ, телефон арқылы көрсетуге болады. Осы үшін ұялы телефоныңыздан осы сайтқа, менің тапсырыстарым бөліміне кіріп, билетіңіз толық көрінетіндей етіп скриншот жасап алсаңыз болады. Бұл жол жүру билеті болып есептеледі.
Өткен жолы оқырманымыз Air Astana билетін қалай алуды сұраған еді. Оны да көрсете кетейік. Аviata.kz сайтына кіріп, бағытты таңдасаңыз, сізге Air Astana билетімен бірге басқа да бірнеше нұсқа ұсынылады. Билетті сатып алу нұсқаулығы алдыңғы сайтқа ұқсайды.
Аviata.kz сайтынын поезд билетін де сатып алуға болады. Бірақ оған қарағанда epay.railways.kz билеттері арзанға түсетінін ескеріңіз.
@. @assel_assanova