- Негізгі бет
- Жаднама
- Мамандық ауыстыру ешқашан...
Мамандық ауыстыру ешқашан кеш емес
Қанша жаста болсаңыз да мамандық ауыстыру қате болып есептелмейді. Бірақ қаншалықты үлкен болсаңыз, жұмыс берушіге жаңа мамандықта жұмыс жасай алатыныңызды дәлелдеу соншалықты қиын бола түспек. Сол себепті, мамандық ауыстыру жайлы ойланып жүрсеңіз, тез арада шешім қабылдағаныңыз жөн. Ал мамандық ауыстырмас бұрын мына мәселелерді біліп алыңыз.
Сонымен, жұмыстан кету туралы арызды жазбай тұрып кейбір мәселелерді шешіп алу керек. Сіздің мақсатыңыз не? Осыны анықтап алуыңыз қажет. Алғашқы жұмыс несімен ұнамады, ал таңдаған жұмысыңыз неліктен ұнады?
Жұмысқа көңіліңіздің не үшін толмайтынын анықтап алыңыз
Бастапқы кезде ескі жұмысыңыз жайлы сипаттама жазатын дәптер арнаңыз. Бұл сіздің жұмыстағы әріптестеріңіздің мінез-құлқы, бастықпен жеке араздық, өз жұмысыңыздың сізге жат немесе ұнамайтын аспектілері болуы мүмкін. Көп уақыт өтпей өз жазбаңызға қарап, сырт көзбен жағдайға баға беріңіз. Жаңа жұмыста сол мәселелер тағы да шығып тұрмайтынына көз жеткізіңіз.
Өз қабілетіңіз бен қызығушылығыңызды бағамдай біліңіз
Қабілетіңіз бен мүмкіндіктеріңізді өткен тәжірибеңіз бойынша саралап, қолыңыздан не келетінін анықтап алыңыз. Ескі жұмыста жеткен жетістіктеріңіз бен марапаттарыңызды еске алыңыз. Тізімді аяқтап болған соң сол жеткен жетістіктеріңіздің өзіңізге қызықтысын және қызықсызын өлшеп алыңыз.
Жаңа жұмыс жайлы пікір қалыптастыру
Жаңа мамандықтың қыр-сыры жайлы оқып, сол мамандықта қызмет істейтін адамдармен етене араласыңыз. Өз ойыңызбен бөлісіңіз. Мұның қандай жақсылықтары мен теріс тұстары барын бағамдай біліңіз. Ол үшін достарыңызбен, ата-анаңызбен ақылдасыңыз. Тым болмаса мына жерде өз ойыңызды жазып, өзгелердің пікіріне құлақ тұріңіз.
Әр салада өз күшіңізді байқап көріңіз
Өзіңізге ұнайтын мамандық салаларын зерттеп, өзіңізді іштей дайындаңыз.
Көп біліңіз
Таңдап алған мамандығыңыздың қыр-сырын біліп, зерттеп, анықтап алғаныңыз жөн. Көп жағдайда адам өзі армандап келген мамандығы оған ұнамайтын болып шығады. Себебі адам бұл мамандық жайлы елдің пікірімен санаспады, өзіндік талдау жасамады, ал кейбір ньюанстар оған таныс емес-тін.
Ерікті болып жұмыс жасап көріңіз
Өзіңіз таңдаған қызмет орнында тегін, ерікті түрде жұмыс істеп көріңіз. Уақыт өте келе бұл жұмыстың сізге біржақты ұнайтыны немесе ұнамайтыны анықталады. Міне, сонда ғана сіз мамандық таңдауда қателесуге бой алдырмайсыз.
Білім алу мүмкіндігі
Өзге мамандыққа ауысу дегеніміз міндетті түрде сол мамандық бойынша жоғары оқу орнын бітіру деген сөз емес. Бірақ осы салаға қатысты өз біліміңізді толықтыру үшін арнайы курстарға жазылғаныңыз жөн. Өз тұрғылықты жеріңізде арнайы курстар бар ма, жоқ па – біліп алыңыз.
Жұмысқа қабылдау жөнінде әңгімелесуге дайындалыңыз
Жұмысқа қабылдауға бармас бұрын бұл мамандыққа не үшін ауысқаныңызды нақтылап, егер осы туралы сұрақ қойылса сенімді жауап беруге дайындалыңыз. «Біз неге сізді осы жұмысқа қабылдауымыз керек?» деген қарапайым сұраққа да жауап табылмай қалатын сәттер болады. Мұнда өзіңізді жеткен жетістіктеріңіз бен алға қойған мақсатыңыз жайлы айтуға бекініңіз.
Мамандық ауыстырудың ешқашан да кеш емес екенін біліңіз. Сенбесеңіз өз мамандығын тастап, өзге мамандыққа ауысқан атақты адамдарды мысалға келтірейік:
Эдгард Берроуз – Тарзан жайлы жазған жазушы 35 жасына дейін әскери қызметкер, полицей, дүкен қараушысы, алтын іздеуші болған. Ал кейін ол өзінің өмірдегі миссиясы жазушы болу екенін түсінеді.
Юрий Ларин – атақты қылқалам шебері. Оның картиналары АҚШ, Франция, Ресей елдерінде мұражайларға қойылған. Өз мансап жолын суретші 40 жасында өзгертеді, ал бұған дейін ол инженер болған екен.
Тарих беттерінде дәл осындай мысалдар іздесеңіз көптеп табылады. Бәрін басынан бастауға қорықпаңыз!
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: subscribe.ru
А. Құлтай