- Негізгі бет
- Жаднама
- Махаббат шаршағаннан өледі,...
Махаббат шаршағаннан өледі, ал ұмыту оны жерлейді
Жан де Лабрюйер бір жолы айтқан ойларымен бөліскелі отырмыз:
* * *
Шынайы достықтарда жай адамдардың зейіні жетпейтін әсемдік жасырынып жатады.
* * *
Уақыт достықты берік етеді, ал махаббатты әлсіретеді.
* * *
Махаббат пен достық бір-бірін жоққа шығарады.
* * *
Үлкен махаббатты басынан өткерген достықты менсінбейді; бірақ өзін достыққа толығымен жұмсаған жан махаббат туралы әлі ештеңе білмейді.
* * *
Махаббат махаббаттан басталады; тіпті, жалын атқан достықтың өзінен махаббатқа ұқсас болмашы бір нәрсе тууы мүмкін.
* * *
Біздің махаббат үшін құрған қарым-қатынастарымызды шынайы достықтан ажырату қиын.
* * *
Бәрінен қиыны - бір көргеннен тұтанған махаббатты емдеу.
* * *
Ақырын және біртіндеп пайда болатын махаббат лап етпе құмарлығы жоқ достыққа қатты ұқсайды.
* * *
Алғашқы рет қана шын сүйеміз; одан кейінгі әуестіктерімізде дәл солай беріле алмаймыз.
* * *
Адамдар махаббатта талапты қалай жоғары қойғанымен, достарынан гөрі сүйіктілерінің кінәларына көп кешірім етеді.
* * *
Біз күйіп-жанып, бірақ үмітсіз сүйген әйел кейін бізге бір қызмет көрсетсе, бұл қызмет кіші ме, әлде үлкен бе, бәрібір, - бір рақметі жоқтықтың күнәсін мойнымызға оп-оңай аламыз.
* * *
Біз достарымызға құпияларымызды өзіміз қуана-қуана ашамыз; сүйіктілерімізден оны жасыра алмаймыз.
Біреуге өз сенімімізді сыйлау - жүрегіңді сыйлау дегенді білдірмейді; басқа адамның жүрегін жаулап алған адам оның сырын да, сенімін де қажет етпейді: оған оларсыз-ақ бәрі ашық.
* * *
Достарымыздан біз оларға зиян келтіруі мүмкін кемшіліктерді, ал сүйіктілерімізден өзіміз қасірет шегетін кемшіліктерді байқаймыз.
* * *
Біз сүймей тұра алмайтындығымыз секілді, махаббатты да мәңгілік сақтай алмаймыз.
* * *
Махаббат шаршағаннан өледі, ал ұмыту оны жерлейді.
* * *
Махаббат туғанда да, сөнгенде де адамдар екеуден-екеу қалып, қысылу сезімін басынан өткереді.
* * *
Біреуді ұмытуға тырысу - яғни оны өне бойы естен шығармау. Махаббаттың ар-ұждан азабымен ұқсастығы - ойлар мен естеліктердің тек оны бекіте түсуінде. Өзіңнің құмарлық сезіміңді басу үшін ол туралы ойламауға тырысқан жөн.
* * *
Біз сүйіктіміздің барлық қуанышының бастау көзі болғымыз келеді, бұл мүмкін болмаса, оның барлық бақытсыздығының көзіне айналсақ дейміз.
* * *
Жаңа ғана көмектескен адамыңның көзімен түйісіп қалу жаныңа майдай жағады.
* * *
Білмеймін, рақметі жоққа, яғни лайықсыз адамға жасалған көмекті қайырымдылық деп атауға бола ма және ол құрметке лайық па?
* * *
Жомарттықтың мәні қаншалықты көп бергеніңде ғана емес, қаншалықты уақытында бергеніңде де.
* * *
Біреуге әбден риза болу қандай қиын!
* * *
Біз өзіміз жақсылық жасаған адамдарға елжірей қарап, өзіміз көп ренжіткен адамдарды иттің етінен жек көреміз.
* * *
Бірнеше жыл өткен соң ренішті есте сақтау қалай қиын болса, бас кезінде оны ұмыту да сондай қиын.
* * *
Біз ынжықтығымыздан жауларымызды жеккөріп, олардан кек алғымыз келеді, ал өз-өзімізге келген соң жалқаулықтан кек туралы ұмытып та кетеміз.
* * *
Біз жанымызды күнәдан құтқаратын кітапты оқимыз және ол бізге әсер етеді; біз басқа сүйіспеншілік оқиғалары туралы кітапты оқимыз, ол да бізді толғандырады; бірақ тек жүрек қана үйлеспейтін сезімдерді түсініп, татуластыра алады деп айтуға менің батылым жете ме?
* * *
Адамды басқалармен жақындасуға және оларға ұнамды болуға ақыл емес, жүрек көмектеседі.
* * *
Кейбір асыл сезімдеріміз бен кеңпейілді қылықтарымыз үшін біз ақылдан гөрі өзіміздің табиғи мейірбандығымызға қарыздармыз.
* * *
Біз бір жерлерден өткенде басымызды иіп таң қаламыз; басқа жерлерден өткенде жүрегіміз елжірейді, осы жерде енді біздің тұрғымыз келеді.
* * *
Маған адамның ақылы, рухының көңіл-күйі, құмарлықтары, талғамдары мен сезімдері оның тұратын жеріне байланысты сияқты болып көрінеді.
* * *
Кейде адамдар өздеріне не өлең жазуға, не махаббатты сезінуге рұқсат етпейді, бұл әлсіздіктер олардың ақылы мен жүрегіне көлеңке түсіретін сияқты.
* * *
Өмір кейде біздің көптен күткен қуаныштарымызға, ең нәзік сезімдерімізге тыйым салады, бірақ біз оларға еркіндік берілгенін армандамай отыра алмаймыз. Бұл сезімдердің жолындағысының бәрін жайпап, адамды баурап алар құдіретіне ештеңе жетпейді - тек олармен осының бәрінен кісілік үшін ғана бас тарттық деген сана ғана теңдесе алады.
* * *
Адамдар бірінші махаббатты танып біледі, сосын атаққұмарлық бойларын жайлайды, ал тыныштық оларға әдетте тек өліммен бірге келеді.
* * *
Адамдар қылмысы үшін әлсіздігі мен әбігерлігіне ұялғандай ұялмайды; олар кейде шімірікпестен зорлық пен әділетсіздік жасайды, сатқындыққа барып, жала жабады, сөйте тұра махаббат пен атаққұмарлық армандарын, тіпті, өздеріне еш пайдасы болмаса да, жасырады.
* * *
Бір адамдардың ризашылығын алу үшін қолымыздан келгеннің бәрін істесек, бірақ оған қол жеткізе алмасақ, бізде тағы бір амал қалады: енді ештеңе істемеу.
* * *
Адамдар арасында тек достық сезім мен құрмет жетегінде болған ғана ұнасымды; олардан көмек күтіп жүргенде кездесуді іздеу ауыр: бұл дегеніміз достыққа сұрану болып табылады.
* * *
Адамға өзі үшін бір адал дос жеткілікті; оны іздеп тапқанның өзі - көп нәрсе. Егер басқаларға көмектесуге ниетің болса, қанша досың көп болса да аздық етеді.
* * *
Достық сезімге ұнатпай қалудан гөрі жеккөру жуық.
* * *
Тек махаббаттағы бірінші көңіл қалудан және досыңның бірінші айыбынан біз пайдалы сабақ ала аламыз.
* * *
Өзімізді бақытты сезіну үшін бізге сүйіктілерімізбен бірге болу жеткілікті: армандау, олармен әңгімелесу, үнсіздік сақтау, олар туралы ойлау - нені ойласаң, соны ойла - тек әйтеуір олармен ажыраспасақ болды; қалғаны не болса, о болсын.
* * *
Махаббат тірі тұрғанда қуат-күшті өз-өзінен алады, ал кейді бір өзін өлтіруге тиіс сияқты болып көрінетін дүниелерден сусындайды: ерке-наздылықтан, қаталдықтан, суықтықтан, қызғаныштан. Махаббатқа қарама-қарсы достық күтімді қажет етеді: оған қамқорлық, сенім және кешірім керек, басқаша жағдайда ол солып қалады.
Дайындаған: Әкежан Дәкен
Сурет: stihi.ru
Л. Лига