Жақындарды қуанту қиын емес. Бар мейірім мен сүйіспеншілігіңізді танытсаңыз, олар үшін сол – қуаныш. Қандай сыйлық тарту етсеңіз де, шын жүректен болары анық. Атаулы күн не мерекелерді күтпей-ақ қарапайым күнде сыйлық беруге болады.
Таңғы ас әзірлеңіз. Өз қолыңызбен дайындалған тәттілер жақындарыңызға ұнайтыны сөзсіз. Махаббатпен әзірленген таңғы ас үстінде әңгімелесіп, сүйіспеншілігіңізді білдіруге болады.
Анаңыз бен әжеңізге мерекелік кешке не концертке билет алып беріңіз. Бауырларыңызға қызығушылығына қарай сыйлық жасаңыз. Егер ініңіз суретші болса, қылқалам жиынтығын сыйға тартыңыз немесе ақ парақтарды тігіп, сурет альбомын жасаңыз.
Қолдан бұйым жасап беріңіз. Ата-әжеңіздің дәрі-дәрмектері көрінген жерде шашылып жатса, құтылардан не қорапшалардан қолдан дәрі-дәрмек қобдишасын жасаңыз. Сыртына сізді еске түсіретін «Тентек немереңізден» (мысалға) деп белгі қалдырыңыз.
Қазір хаттың құны басым. Бар сезіміңізді, махаббатыңызды параққа түсіріп, балалық шаққа саяхат жасап, қызықты сәттерді еске түсіріп, хат жазыңыз. Бұрын бірге түскен сурет пен қазіргі шақта суретті салыстыру қазір трендке айналды. Сол ізбен сіз де үлкендерді қуантып көріңіз.
Егер атаңыздың көлігі болса, оған да сый жасауға болады. Оның сүйікті ретро әндерін бір дискіге жазып, сыртына «Атамның әндері» деген жазумен сыйға тартыңыз.
Үлкендерден әулеттің шежіресі туралы сұрап-біліп, «Әулет бәйтерегін» жасаңыз. Бұл ісіңіз бауырларыңызға да сабақ болары сөзсіз.