Махаббат алқасы

Брайан шөл далада кетіп бара жатқан болатын. Кенет жол үстінде бұзылып тұрған «Мерседес» көлігін көрді. Ішіне бір қарағаннан өңі бұзылған әрі абыржулы әйелді көруге болатын еді. Ол оның көлігінің алдына бір табан жанай келіп тоқтады. Өзінің ескі "Понтиак" көлігінен асыға түсіп, абыржулы әйелге жақындай түсті.

Келіншектің көз алдына үрей келді. Қайтсін енді, бұған дейін бірде-бір көлік тоқтамай кеткен-ді. Содан бері отырған отырысы осы. Ал мына бір жас жігіт жамандық жасамас па екен?

- Менің атым - Брайан Андерсон, - деді әлгі өзін таныстырып, - Мен сізге көмектесейін, бикеш. Сіз менің көлігіме барып отырыңыз, іші жылы. Ал мен сол уақытта сіздің көлігіңізді қарап берейін.

Көліктің бір дөңгелегі істен шығып кетіпті. Әрине, әйелдің күш-салмағы мұндай жағдайда дәрменсіз қала беретін. Брайан көлі астына үңіліп, домкратты қайда қою керектігін аңғарды. Қолына шырт түкіріп алып, жұмысқа кірісті. Дөңгелекті ауыстырып болды, әйелге жымиып қана езу тартты.

Бикеш:

- Жұмыс ақыңызға қанша қарыздармын? - деген ол және асығыс қоса кетті: - Бағасы өлшеусіз...

 Брайан болса:

- Сіз маған қарыздар емессіз. Мен жай ғана қиындыққа түскен адамға көмектесіп отырмын. Бір құдайдың өзіне ғана аян, менің өзіме де қаншама адамдар көмек қолын созды екен. Егер маған шынымен де алғыс айтқыңыз келіп жатса, онда ендігі жолы көмекке зәру адамға қол ұшын созып, мені еске алып жатсаңыз жеткілікті, – деумен сөзін аяқтады.

Әйел разылығын айтып, көлігіне отырып кете барды. Бірнеше шақырымнан соң, алдынан мейрамхана көрінді. Жылынып, тамақтанып алу үшін келіп тоқтады. Ішіне кірді. Бір жас қыз күні бойы аяғынан тік тұрып жүргеніне қарамастан, кірген қонаққа жан-жүрегімен қызмет атқаруға тырысты. Әлгі қызды бір көргеннен-ақ кез келген адам оның еш жағдайда, мейлі, ол жұмыстан шаршасын, аяғы ауыр болсын, күні бойы демалмасын, бәрібір де жарқын жүзінен айырылмайтынын біліп түсінер еді.

Тамақтанып болған соң, әйел әмиянынан 100 долларды шығарып, жас қызға ұсынды. Қыз тиын ұсақтауға кеткен сәтте, қонақ әйел мейрамхананы тастап, шығып кете барды. Жас қыз үстел алдына келіп, әйелді іздеп тұр. Сол сәтте үстел алдында жатқан хатты көрді. Әлгі хаттың алғашқы сөйлемін оқыған сәттен көз жасын ірки алмай қалды: "Сіз маған қарыздар емессіз. Мен жай ғана кетіп бара жатқан жолаушымын. Бір адам бүгін маған көмектесті. Сол жақсылықтың орнына, мен де сізге көмектескім келіп отыр. Егер сіз менің қарызымды қайтарғыңыз келсе, онда бір ғана нәрсемен өтей аласыз - өне бойыңыздағы махаббат алқасының үзілуіне ешқашан жол бермеңіз".

Одан бөлек те, үстел үстіндегі сулық астында 100 доллардан төрт қағаз жатқан-ды. Және сол сәтте жас қыз өзінің бүкіл мұң-мұқтажын әлгі адамның қалай түсініп қойғанын, ақшаға зәру екенін қалай біліп қойғанын білгісі келді. Бірақ кеш еді.

Жас қыз үйіне барып, сүйікті ерінің бетінен сүйіп, сыбырлап қана тіл қатты:

- Бәрі жақсы болады! Мен сені сүйемін, Брайан Андерсон.

cурет: chitalnya.ru 

Дайындаған:Фараби Арыстанбек