Қазіргі қоғамда ең танымал мамандық оператор ма дерсің?! Себебі қазір екінің бірі, бірдің нөл бүтін оннан бесі операторға айналған. Көргенін түсіруге құмар. Жақсы жаңалықты сүйіншілеп жеткізсе жақсы ғой. Жоқ, жамандарын да бірінші боп жеткізуге жарысады.
Мысалы, көп қабатты үйден секіргелі жатқан адамды көрсе, жанталаса телефонын шығарады. Сондағысы төтенше жағдайлар қызметіне хабарласып, адам өміріне араша түсуге емес, «ЭКСКЛЮЗИВ» жасауға асығады. Жол апатын көрсе де, көліктен түсе сап көмектесуді емес, жедел түсіруді ойлайды. Бұрын мұндай жантүршігерлік жағдайды көрсек, көмектесе алмасақ та, қарауға жасқанып, көзімізді жұмып өтіп кетуші едік. Қазір бәрі оператор.
Осы кесел асқынып, әлеуметтік желіні жаулады. Кеше ғана елді шулатқан «Синий кит», «Живи или умри» сияқты от шығаратын ойынның неше атасы жүр. Қарап отырып, психологиялық соққы аласың. Соны түсіріп тұрған да, басты рөлдегі «батыры» да жасөспірімдер.
Жарқырағанымызды жарыққа шығарып, мақтанғанды жақсы көреміз ғой! Бұрынғы сәннің, көне стильдің қайта айналып келгені сияқты, бұрынғының адами құндылықтарын да қайтара алсақ қой?! Қанша дегенмен көнеміз сапалы десем, оған ешкімнің таласы жоқ шығар. Махаббатты модаға қайтару керек. Ауқымды ұғымды алақанның аясына таңып қоймайық. Өмірге деген қызығушылық + қоғамға деген сыйластық + адамға деген аяушылық + жануарға деген жан ашу + табиғатқа деген қамқорлық + арға деген адалдық = МАХАББАТ.
Айфонды күткендей анасын күтпейтін, қымбат көлігіне көңіл бөлгендей келіншегіне көңіл бөлмейтін, алар ақшаға асыққандай бала бақшаға асықпайтын, телефонға түсіруге талпынғандай көмек көрсетуге құлшынбайтын қоғамнан қорқамын. Сиырға туған күн бұзауға да туады ғой. Бүгін сен біреудің өліміне «оператор» болсаң, ертең сенің де қазаңды қалт жібермейтіндер табылады.
Кигеніміз Oscar de la Renta, Dolce&Gabbana, ұстағанымыз Louis Vuitton, таққанымыз Patek Philippe, сепкеніміз DKNY Golden Delicious болып, жүрегімізде сезінгеніміз, санамызда түйгеніміз «китайский» болса, қалған қымбатыңнан не пайда?!
Құрметті «Операторлар», енді байдың пақырға, бардың жоққа, үлкеннің кішіге, кішінің қартқа, адамның жануарға жанталаса көмектескенін түсіріңіздерші. Ал суицидке кездейсоқ куәгер бола қалсаңыз, қолыңыздан аман алып қалу келмесе де, құзырлы орындарға хабар беріңіз. Телефоныңызға түсіргеннен оны көрер көрермендеріңізден де қайыр болмайды. Бәріміз бірігіп махаббатты модаға қайтарайық.
Кімде қандай ұсыныс бар?!
Құрметпен, Ләйлә Сұлтанқызы