- Негізгі бет
- Жаднама
- Лагом: Шведтер не...
Лагом: Шведтер не себепті ең бақытты халық?
Швеция ең бақытты елдер рейтингінде көшбасшы орыннан түскен емес. Атақты швед тепе-теңдігінің философиясы — лагом жайлы естідіңіз бе? Лагом — әр нәрсенің шамасын білу философиясы. Лагом «қанша қажет болса, сонша», «дәл» деп аударылады. Бұл бақытты өмір сүрудің және қоршаған ортамен үйлесімде болудың кілті. Швецияда ата-аналар балаларын жастайынан осы философияға үйретеді, себебі оның принциптері адамдарды мейірімді және айналадағыларға мұқият болуға баулиды.
Шамасын білу принциптері
Барлық нәрседе тепе-теңдік сақтау. Тепе-теңдік болу үшін әр нәрсенің шамасын білу керек. Өнімді жұмыс істеңіз, бірақ жеке өміріңізге зияны тимесін. Бәріне үлгеріңіз, бірақ өзіңізге бір бос күн қалдыруды ұмытпаңыз. Әдемі киініңіз, бірақ гардеробты киіммен толтырмаңыз. Тепе-теңдікке жету үшін бірдеңеден бас тартудың қажеті жоқ — тек қанша қажет, сонша алу керек.
Саналы тұтыну. Бірдеңе сатып алмас бұрын оның сізге қажеттілігін бағалаңыз. Шкафта орын болмаса, шынымен де тағы бір көйлектің керегі бар ма? Үйде ыдыс толып тұрса да, кезекті сервизді сатып алудың қажеті бар ма? Лагом стилінде өмір сүру үш арзан зат алғанша бір сапалысын алуды ұсынады. Бұл киімге, жиһазға, тұрмыстық заттарға да қатысты айтылған.
Лагом стиліндегі тамақ. Кешкі ас ұсынарда тамақты әркімге тәрелкеге салып ұсынбаңыз. Тамақты ортаға қойыңыз. Әркім өзіне қанша керек, сонша алсын. Мәзірді бір аптаға алдын ала жоспарлаңыз: сол кезде жоспарланбаған сауда жасамайсыз. Пайдалы маусымдық өнімдер қолданыңыз, көкөністерді қысқа қатырып қойыңыз. Арасында өзіңізге даршын қосылған бөлке нан жеуге рұқсат беріңіз.
Лагом стиліндегі үй. Скандинавиялық интерьер лагом принциптеріне сай. Ол қызықты детальдармен толтырылады, бірақ онда артық заттар болмайды. Қолдан жасалған заттар, табиғи материалдар, сапалы және көп қызметті жиһаз... Минимализм, қолайлылық және ыңғайлылықты дұрыс үйлестіре білсеңіз, тепе-теңдікке жетесіз. Үйді лагом ету үшін оны скандинавиялық стильде жасау міндетті емес. Бастысы, үй сізге ұнауы керек.
Аз нәрседен ләззат алу өнері
Фика. Барлық шаруаны ысырып, тәтті тоқашпен кофе ішу — күнделікті кішкентай бақыттың құпиясы. Тәтті бірдеңемен кофе ішуге үзіліс алуды Швецияда фика (fika) деп атайды. Бұл әдет үй және жұмыс шаруаларынан демалып, өзіңізді себепсіз еркелетуге, әріптестеріңізбен әңгімелесуге және жай күндерді кішкентай мерекеге айналдыруға көмектеседі.
Демалу. Барлығы гаджетке байланған және барлығына үлгеруге тырысатын әлемде тоқтап, баяулап, өзіңізге демалыс жариялай білу керек. Өмірде сүйікті істерге орын болуы керек. Шаруалар тізіміне саябақта серуендеу, салонға бару, ұйықтар алдында кітап оқуды қосыңыз. Онсыз тепе-теңдік болмайды.
Экологиялық өмірдің принциптері
Қоршаған ортаға қамқорлық жасау. Әлемді экологиялық ету әркімнің қолынан келеді. Қоқысты сұрыптау, заттарды қайта өңдеуге тапсыру, тұтынуды азайту, заттарды лақтырмай, жөндеу — лагом бойынша өмір сүрудің қарапайым әрекеттері.
Айналаны көгалдандыру. Шведтер үшін табиғаттың маңызы зор. Ол — тепе-теңдік, денсаулық, жайлылық пен жан тыныштығының көзі. Сондықтан швед үйлерінде табиғат материалдары өте көп: ағаш еден, жүн жамылғы, қой терісі және әрине, гүлдер.
Сандық детокс. Шведтер гаджеттерге алаңдамай әңгімелесу әдебін сақтайды. Олар отбасылық кешті жұмыстан келген жедел хат үзіп тастайды деп қорықпайды. Достарыңызбен кездесу немесе отбасылық кеш кезінде ұялы телефонға алаңдамауға тырысыңыз. Ал еңбектік демалыс кезінде хабарламаларды өшіріп тастап, әлеуметтік желілерге мүлдем кірмеген дұрыс.
А. Жапатова