ХХІ ғасырда шаруаларымыздың көптігі соншалық, ата-анамызбен асықпай отырып сөйлесуге, олардың бізді еркелеткен сөздерін тыңдауға уақытымыз жете бермейді. Сабақтан шаршап келіп, ертеңгі тапсырманы орындауға мұршамыз келмей жататыны тағы бар. Қысқасы алдымызға қойған жоспарымыз орындалмайды. Және оған ең басты себеп – үй шаруасы. Үйдің таза болғаны өзімізге жақсы. Ол біздің қаншалықты іске икемді, пысық екенімізді көрсетеді. Бар болғаны оны жылдам жинап үйренуіміз керек.
Алайда үй шаруасын жылдам реттеудің тәсілі бар екен. Құрбым, білсең кез келген істі жылдам әрі қызықты болатындай етіп орындауға болады. Мысалы, ыдыс жууды көп қыз ұната бермейді. Ыдыс жуу деген сөздің өзі жағымсыз эмоциямен тікелей байланысты. Өзімді ас үйге мәжбүрлеп апаратын жағдайлар да кездеседі.
Олай болса, бұл процесті жылдам жүзеге асырудың бірнеше тәсілін қарастырып көрейік:
1. Ыдысты тамақ ішіп болған соң бірден жуу керек. Осылайша тамақтың қалдығы оңай кетеді. Әрине, бұл әдетті қалыптастыру өте қиын, алайда оны қалыптастырып алған соң үйде лас ыдыс болмайды.
2. Ыдыстарды суға салып қой. Егер ыдысты тамақтан соң бірден жуа алмасаң, үстіне ыстық су құйып қой. Сол кезде ыдыстағы тамақтың қалдығы қатып қалмайды.
3. Ыдыс жууға арналған құрылғыларды пайдалан. Қазір көпшілік ыдыс жуу үшін шүберекті пайдаланады, алайда губка өте ыңғайлы. Ыдыс жууға кішкене губка да жеткілікті. Оның қалай көпіретінін өзің де байқаған шығарсың. Және оларды ауыстырып отырған абзал. Қажет кезде темір ысқышты пайдалан. Ол күш пен уақытты үнемдейді. Өкінішке орай, темір ысқыштармен кез келген ыдысты жууға болмайды.
4. Тәрелкелерді бірінің үстіне бірін қойма. Сол кезде түбі былғанбайды.
5. Ыдыс жуатын құралды қажетінше пайдалан. Губкаға көбірек құйсаң жақсы көпіріп, жуу процесін қызықты етеді. Бірақ тым асыра сілтеп жіберме. Ыдыс жуатын құралға кететін ақшадан бұрын, уақытты үнемдеуіміз керек.
6. Ыдыстарды ретте. Алдымен қасықты, шанышқыны, пышақты, артынша шыныны, тәрелкені, соңында қазанды жу. Неге? Арнайы жүргізілген тәжірибе осылай жасағанда уақытымызды анағұрлым үнемдейтіндігімізді көрсетті. Бірдей ыдыстарды бірінің артынан бірін жуу арқылы жад қалыптасады.
7. Үнемі үйрен. Үнемі ыдыс жуған кезде оны бұдан да жылдамырақ жууға болатынын еске ал. Тырысып көр. Уақыт өте келе оны, расымен де, жылдам жуатын боласың. Бірақ жылдамдықты бірден арттырамын деп ыдыстарды сындырып алма. Енді үнемделген уақытымызды не нәрсеге жұмсайтынымызды анықтау ғана қалды!
Дайындаған: Томирис Сағындық
Сурет: Massaget.kz