Қыста тауға шығу: жалғыз бармаңыз

Қыста тауға шығу: жалғыз бармаңыз
Фото: walking24.ru

Қыста тауға шығу қауіпті-ақ. Бірақ бұл мезгілдің қызығын биіктен көргісі келетіндер қар да, қақаған аяз да кедергі емес деп санайды. Расында олай емес. Қыста тауға шығу үшін зор дайындық керек. Тау қателікті кешірмейді.

Тауға шығар алдында дұрыс киім таңдау маңызды. Жеңіл киініп шығуға болмайды. Тым көп болмағаны да жөн. Киім қалың, зат ауыр болса тауға шығу да қиындайды. Ол үшін сізге термалды іш киім, жылы шұлықтар, ыңғайлы трекинг етік, жылы, су өткізбейтін ыңғайлы шалбар, күртке, бас киім, қолғап, мойынорағыш керек. Сондай–ақ аялдап тоқтайтын болсаңыз, шағын көрпеше алған да дұрыс.

Киімнен бөлек телефонға қосымша қуат көзі (power bank), қалта шамы, сіріңке, GPS навигаторы, күннен қорғайтын жақпамай қажет. Бұларды алғанның зияны жоқ.

Көшкін қаупі жарияланған кезде құтқару қызметтерінің ұсынымдарына құлақ асып, тауға барудан бас тартқан жөн. 

– Қатты жауын-шашын (қар, жаңбыр) немесе қатты дауыл туралы ескерту жарияланған жағдайда, таулы аймаққа баруды кейінге қалдырған дұрыс;

– Егер сіз тауда болсаңыз, мұқият болыңыз және ауа райының өзгеруін қадағалаңыз;

– Егер сіз тау бөктерінде қардың жылжуын, қардың түйіршіктерін байқасаңыз, онда тауларға бармағаныңыз жөн:бұл қардың тұрақсыз күйде екенін, көшкін қаупі барын білдіреді;

– Үйге қайтуды кешке қалдырмаңыз, кері бағытты таба алмауыңыз мүмкін;

– Алғашқы медициналық көмекке қажетті құралдарды алуды да ұмытпаңыз;

– Қыста тауға жалғыз бармаңыз, ал қозғалыс қарқынын топтағы ең әлсіз туристпен анықтау керек;

Туған–туыстарыңыз бен жақындарыңызды маршрутыңыздың бағыты және орналасқан жеріңізді барынша толық хабардар ету өте маңызды.

Оқыс оқиғаның алдын алу үшін, көптеген негізгі жолдарды көрсететін жүктелген карталары бар офлайн қосымшаны пайдаланыңыз. Егер сіз адассаңыз – ТЖМ қызметіне қоңырау шалыңыз: 112 немесе РЖҚЖ жедел кезекшісіне 8 (727)372-15-60

 

Н. Үсенова