Сіз үшін күз мезгілі мұңлы, жабырқау кезең бе? Көңіліңізді түсірмей, біздің кеңестерімізге назар салсаңыздар, күзден рахат алып, оның көңілді бола алатындығына көзіңіз жетеді.
Күздің жаңбырлы кештері далаға шықпай, жаурап, үйде мұңды кино қарап отыруға болады. Бірақ біздің көңілді оқырмандарымыз үшін одан да қызығырақ істер табылады. Сонымен, күзде қалай көңіл көтеруге болады?
Қала көшелерінде қыдырып, түрлі түске боялған көріністі тамашалау
Жерге сары, жасыл, қызыл, алтын түсті жапырақтар түскенде, өзіңізбен бірге фотоаппарат алып, қаланың ең керемет күзгі көріністерін іздеуге шығыңыз. Саябақтар, көшелер, тіпті біреудің есік алдындағы ауласы сіз үшін жаныңызды тыныштандыратын, рухтандыратын жерге айналуы мүмкін. Ал сәтті шыққан суреттер кейін жұмыста не үйде осы ерекше сезімді есіңізге түсіріп отырады. Тоңып қалсаңыз, даладағы кофеханаға отырып, бір кесе хош иісті кофе ішіп алыңыз.
Өзіңізді қолға алып, күте бастау
Күз жеміс пен көкөністерге бай кезең. Соларды рационыңызға көптеп қосып, дәрумен тапшылығынан сауығыңыз. Жалпы дұрыс тамақтану тәртібіне өтіп, рационыңызды қадағалай бастаңыз. Жазғы демалыста ұмытқан жақсы әдеттеріңізді қайта қолға алып, таңмен жүгіріп, спортзалға жазылыңыз. Бет терісі, шаш, денеңізге күтім көрсетіп, түрлі косметикалық дауалар да істеген жөн.
Кітаптар оқу
Күздің ұзақ салқын кештері үйде демалып жатқанда, қолға кітапты алғаннан артық іс жоқ. Өзіңізге жайлы бұрыш дайындап, телефондарды өшіріп, әдебиет әлеміне аттаныңыз.
Еріншек болу
Жаздың ыстық кештері үйде отыра алмай, далаға белгісіз істермен кетіп қаламыз. Ал күзде нашар ауа райына байланысты үйде отырып, ыстық шай ішіп, теледидар қараудан басқа істерге ерінеміз. Күзде кішкене еріншек болудан ұялмай-ақ қойыңыздар.
Өмірді өзгерту
Жаңа оқу жылының басы – 1 қыркүйектің өзі бізге күз өзгеріс кезеңі екенін көрсетеді. Жаңа оқу жылы, жұмыс кезеңі жаңалыққа, өзгертулерге итермелейді. Өміріңізде қандай да бір заттар көңіліңізден шықпай ма? Ендеше оларды өзгертудің кезі келді. Жаңа жұмыс не қызығушылық, үй интерьері, ағылшын сабақтары не басқа кез келген іс өміріңізге жаңашылдық кіргізіп, түрлендіре түседі.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: flickr.com