Quartz басылымы журналист Чарльз Чудың кітап оқу тәжірибесін жариялады. Ол бір жылда 200 кітап оқудың еш қиындығы жоқ деген қорытындыға келген. Тек смартфонға алаңдамай, теледидарды өшіріп тастасаңыз болғаны. Назарыңызға мақаланың аудармасын ұсынамыз.
Бірде америкалық кәсіпкер Уоррен Баффеттен оның жетістігінің сырын сұрапты. Ол бума кітаптарды көрсетіп: "Күніне 500 беттен оқыңыз. Білім күрделі проценттер сияқты еселеніп отырады. Барлығыңыз бұған қабілеттісіздер, бірақ оған бел байлап кірісетіндер санаулы ғана" - деген екен.
Екі жыл бұрын армандаған жұмысыма орналастым. Өзім қалаған кеңседе күнде әріптестерімнің көзіне қарап отырудан ауыр жұмыс болмады. Сондай кезде басымда мынадай ой тулап жатты: "Құдайым-ай, егер 40 жылдан кейін де осында отыра берсем не болады екен?" - деп ойладым.
2015 жылдың қаңтарында Баффет әдісін қолданып көргім келді. Шынымды айтсам, әрдайым күніне 500 бет оқыған жоқпын. Дегенмен, соңғы екі жылда әупірімдеп жүріп 400 кітаптан аса оқып тастаппын. Кітап оқи бастағаным менің өмірімдегі маңызды шешім болды: олар маған еліктейтін қаһармандар сыйлады.
Жылына 200 кітаптан оқу – адам сенгісіз іс. Бірақ мұның еш қиындығы жоқ, бұл әркімнің қолынан келеді. Тек дұрыс өлшеп, дұрыс әдіс қолдану қажет.
Бастай сала берілмеу керек
"Күніне 500 беттен оқы" дегенді естігендер оны мүмкін емес деп ойлауы мүмкін. Кейін бұл үлгермейтін шаруа деп түрлі сылтаулар іздей бастайды. Ең жиі айтылатын сылтаулар – "уақытым жоқ", "мен сонша ақылды емеспін", "кітап маған арналмаған".Екі жыл бұрын кітап оқуға кететін уақыт пен мөлшерді есептеп көрдім, барлығы біз ойлағандай қиын емес екен. Баффет дәл осы туралы айтты: "Барлығыңыз бұған қабілеттісіздер, бірақ оған бел байлап кірісетіндер санаулы ғана".
Қарапайым арифметика
200 кітапты оқу қанша уақыт алады?
Алдымен статистикаға назар салайық:
• Адам орта есеппен минутына 200-400 сөз оқиды.
• Бір кітапта орташа 50 000 сөз бар.
Ал енді есептейік:
• 200 кітап * 50 000 сөз= 10 млн сөз
• 10 млн сөз / минутына 400 сөз= 25 000 минут
• 25 000 минут / 60 = 417 сағат
Бар болғаны осы. Екі жүз кітап оқығыңыз келе ме, оған жылдың 417 сағатын арнаңыз.
Көп адам жұмысқа аптасына 40 сағат жұмсайды. Ал кітап оқуға 417 сағатты қалай арнауға болады? Ойланып көрейік.
Уақыт табу
417 сағат деген тым көп болып көрінер, бірақ бұл уақытқа басқа қырынан қарау керек. Жыл сайын орта есеппен адам әлеуметтік желілерге 608 сағат, теледидар қарауға 1642 сағатын құртады. Бос кетіп жатқан 2250 сағат. Оның орнына кітап оқысаңыз, бір жылда мыңнан аса кітапты еңсеруге болады.
Кітап оқуға уақыт жетеді. Біз тек тым тәуелдіміз, жігерсізбіз және біздің назарымызды аудару өте оңай. Бос уақытты Instagram лентасы мен сериал көрудің орнына кітап оқуға жұмсау керек.
Теорияда бәрі оңай, ал іске келгенде қалай?
Іске асыру
Маған мына әдістер нәтижеге жетуге көмектесті
Өзіңізге жайлы жағдай жасап алыңыз
Егер сіз кокаинді тастағыңыз келіп жүрсе, оны көрінетін жерге қойып қояр ма едіңіз? Жоқ, әрине. Сол сияқты ештеңеге алаңдамайтындай жағдай жасап алу керек.
Мен көп саяхаттаймын, бірақ бұл маған кітап оқуға еш кедергі келтірмейді. Мен тіпті Таиландқа демалуға барғанда кітап алып бардым. Ыңғайы келгенде оқу үшін, оның әрдайым қолда жүргенін қалаймын.
Әдет қалыптастырыңыз
Ерік-жігер – әдет үшін ең тиімсіз ресурс. Егер сіз әдет ғылымымен таныс болмасаңыз, бұл тақырыпқа жазылған өзімнің ең сүйікті кітабым, "Суперадам болу әдеті" (Superhuman by habit) оқуға ұсынамын.
Түрлі тәсіл қолданыңыз
Қайда және қалай оқитыныңызға мән бермеңіз. Мен қағаз, электронды кітаптарды оқып, аудиокітап тыңдаймын. Және қай жерде жүрсем де оқи беремін: саябақтағы орындықта, автобуста, дәретханада.
Кітап оқуды өзіңізге кез келген уақытта қолжетімді етіп қойыңыз. Кітап оқып қалу мүмкіндігінен қапы қалмаңыз. Ал егер мүмкіндік болмаса – оны жасап алыңыз.