Демалыс күндері шұғыл шаруаңыз болмаса, сыртқа шықпаңыз. Көлікке жанармай құю, жолай дүкеннен су-суан, тәттілер сатып алу, тіскебасар алып жеу мұның барлығы көзге көрінбейтін шығындар қатарын толтырады. Күнделікті біркелкі тіршіліктен шаршап, демалғыңыз келсе, кинотеатрға, караокеге не боулингке бару міндетті емес. Артық ақша шығармай-ақ, серуендеп келу де демалуға мүмкіндік береді. Қаласаңыз кинотеатрды да, караокені де үйден жасап алуға болады. Үйден тамақтаныңыз. Кафеден, тіпті асханадан тамақ алып ішетін ақшаға үйге біраз азық-түлік сатып алуға болады. Тамақты үйден пісіріп ішсеңіз, қаржыны қаншалықты үнемдегеніңізге көзіңіз жетеді. Мүмкіндік болса, жұмыста ішетін түскі асты да үйден әзірлеп алып барыңыз. Базарға не супермаркеттерге барарда нақты қажетті заттардың тізімін жасап, сол тауарға ғана жететін ақшаны шақтап алып шығыңыз. Жоспардан тыс сатып алынған тауарлар басты шығынға ұшыратушы. Дүкеннен сатып алатын түрлі тәтті сусын, коланың орнын таза суға алмастырыңыз. Қалтаңызбен қатар денсаулығыңызға да пайдасын тигізеді. Брендке қызығудың қажеті жоқ. Тауардың брендке айналуы жарнамаға көп қаражат жұмсауының ғана арқасы. Салыстырып көрсеңіз, сапасы жағынан аты шықпаған компания тауарларының да асып түсетіні табылады. Көп мөлшерде зат сатып алатын болсаңыз, асықпаңыз. Алдымен бірнеше дүкеннің, онлайн-сауда орталықтарының бағасын жақсылап салыстырыңыз, оған баратын жолға жұмсалатын қаржыны да есептеңіз, барлығын сараптағаннан кейін ғана сатып алуға кірісіңіз.