Күнді позитивті бастаудың әдістері

Күнді позитивті бастаудың әдістері
Фото: unsplash.com

Әдетте, көп жұмыстар мен шаруалар күтіп тұрса, күнді жақсы көңіл күймен бастау қиынға соғады. Алайда, күні бойы қандай көңіл күймен жүретініңіз жиі таңды қалай бастағаныңызға байланысты. Сондықтан таңды позитивті бастаудың әдістерін ұсынамыз.

Жігерлендіретін сөздер оқыңыз
Позитивті дәйексөздер мен ойлар күніміздің жақсы басталуына себепші бола алады. Мысалы, оларды телефон фоны ретінде орнатып қойыңыз немесе басып шығарып, айнаға жабыстырып қойыңыз. Оған қоса, жігерлендіретін сөздер сенімділік сыйлайды.

Біреуге қошемет сөз немесе тілек жіберіңіз
Өзіңіздің және жақыныңыздың көңіл күйін көтеру үшін оған қошемет сөздер немесе тілек жазылған хат жіберіңіз. Күнде таңертең өзіңіз үшін жақын адамдарды қуантуға уақыт бөліп тұрсаңыз, күніңіз жақсы әрі жеңіл басталады.

Күлімдеңіз
Сізді қандай күн күтіп тұрса да, оны күлімдеуден бастаған жөн. Мысалы, айнаға қарағанда өзіңізге күлімдеңіз. Күлкінің адамға пйдасы зор екенін естен шығармаңыз.

Ертеңгі күнге алдын ала дайындалыңыз
Таңертең сыртқа шығарда асығыс жиналсаңыз, бәрі ойлағаныңыздай болмайды да, ол көңіл күйіңізге әсер етеді. Сондықтан ертеңгі күнге алдын ала дайындалып қойған жөн. Мысалы, киетін киімдеріңізді шығарып қойыңыз, алып шығатын заттарыңызды сөмкеңізге салып қойыңыз және таңғы асқа не дайындайтыныңызды ойластырыңыз.

Таңды алғыс айтумен бастаңыз
Барыңызды бағалай білу өте маңызды. Ол күні бойына жақсы көңіл күймен жүруге және қиын кезеңдерде өмірге оптимистік қарауға көмектеседі. Ең қарапайым заттарға «рақмет» айтыңыз. Кез келген ұсақ-түйекке дейін адамға қуаныш сыйлай алады. Бастысы, оларға мән беру керек.

Әлеуметтік желілерге кірмеңіз
Біріншіден, ол көп уақытты алады. Бұл уақытты басқа пайдалы заттарға бөлуге болады. Мысалы: өзіңізге күтім жасау немесе асықпай таңғы ас ішу. Ұйқыдан тұра сала, әлеуметтік желілерге кіретін адамдар жиі төсекте ұзақ жатып қалады да, жұмысқа асығыс жиналып, кешігіп барады. Екіншіден, әлеуметтік желілердегі жаңалықтар жаңа басталған күніңізді құртып жіберуі мүмкін.

Физикалық белсенділікке үзіліс жасаңыз
Таңертең белсенді қозғалыстар жасау күні бойы сергек әрі позитивті жүруге көмектеседі. Бірнеше жаттығу, йога жасаңыз немесе далада серуендеңіз. Сондай-ақ, сүйікті әніңізге билеуге болады.

Міндетті түрде таңғы ас ішіңіз
Күні бойы жақсы жүруіңіз үшін міндетті түрде таңғы ас ішу маңызды. Ол энергияңызды сақтауға қажет, сондай-ақ ол зейін қоюды жақсартады және жұмысқа қабілеттілікті арттырады.

Ән тыңдаңыз
Таңертең жұмысқа жиналғанда немесе жолда жақсы ән тыңдаңыз. Сүйікті ән арқылы позитивті көңіл күй алуға болады. Шабыт сыйлайтын аудиокітап тыңдауға да болады.

А. Жапатова