Коуч Лиза Бейкер биодаралық концепциясын қолдайды. Бұл идеяның мәні мынада: әр адам әртүрлі. Біреуге күз жағады, біреуге жаз ұнайды, ал біреу жұрттан бұрын ерте тұрады, біреу түнімен шабыттана жұмыс істейді. Дегенмен Бейкер әр адамға қолайлы, ортақ қағидалар бар екеніне сенеді. Назарыңызға күнді дұрыс жоспарлауға көмектесетін маманның жеті кеңесін ұсынамыз.
1. Мүмкін болса оятқышсыз ояныңыз
Оятқышпен ояну – стресс. Оятқыш ағзада стресс реакцияларының түзілуіне себеп болады. Одан бас тартып үйрену үшін ұйқыға жұмсайтын уақытты есептеп, уақытылы жатыңыз.
2. Әр күнді гаджетсіз бастаңыз
Поштада жауап күтіп тұрған хат міндетті түрде болады. Әлеуметтік желіде оқығың кеп тұратын посттар да самсап тұрады. Бірақ соның орнына бес-он минут тыныс алу жаттығуын, медитация жасауға дағдыланған жөн. Ал егер ерте тұрсаңыз, физикалық жаттығуға, таңғы ас жасауға, кітап оқуға уақыт арнаңыз.
3. Күнді уақыт блоктарына бөліңіз
Адам бір уақытта бірнеше жұмысты қатар істей алмайды. Істесе де бұл біз ойлағандай емес, бір жұмысты тастай сала екіншісіне ауысып отыру. Бұл адамның жұмыс өнімділігін 40%-ке төмендетіп жібереді. Сондықтан күнді жоспарлағанда әр жұмысқа толығымен беріліп істейтіндей уақыт бөліңіз. Ол үшін браузердегі артық беттерді жауып, хабарламаларды өшіріп қойыңыз. Осындай уақыт блоктары арасында поштаңызды тексеріп, кейінге қалдырған қоңырауларға жауап беруге болады.
4. Спорт пен тамақтану уақытын алдын ала белгілеңіз
Біз бір шаруаға уақытым жоқ десе, оны өзіне приоритет санамағаны. Адам өзіне энергия беретін нәрседен басқасына уақыт табуға бейім, уақытылы спортпен шұғылданып, уақытылы тамақтанудың маңызын көбі жете бағалай бермейді. Егер біз клиенттерге, отбасымыз бен достарымызға уақыт тапсақ, не себепті өзімізге уақыт таппаймыз?
5. Бірнеше шаруаны бірге тындырып тастаңыз
Бір уақытта бірнеше жұмысты қатар істеу, әрине, зиян. Бірақ бір-біріне кереғар болмайтын шаруалар бар. Мысалы жақындарыңызбен кездескенде бірге дүкен аралап үлгеруге, достарыңызбен кездескенде бірге спортпен шұғылдануға, үй жинап жүріп аудиокітап тыңдауға болады.
6. Ертеңге жоспар құрыңыз
Әр минутты жоспарлаудың қажеті жоқ. Ертең істеуіңіз керек ең негізгі шаруаларды тізіп шығыңыз. Ал егер жоспардағы кейбір нәрсе ұнамаса, Брайан Трейсидің "Бақа жеп ал!" кітабындағы қағиданы орындау керек. Автор орындалуы қиын немесе адамға жақпайтын жұмыстарды бақаға теңейді де, алдымен ең үлкен, ұсқынсыз бақаны жеп алуға үндейді.
7. Уақытылы ұйықтаңыз
Ұйқыға қанша уақыт керегін анықтап алғаннан кейін қай уақытта оянатыныңызға қарай уақытылы ұйықтап үйреніңіз. Күнді қалай бастасаңыз, солай аяқтаңыз: ешбір гаджетсіз.