Күн ыстықта көлікте қалдыруға болмайтын 10 зат

Күн ыстықта көлікте қалдыруға болмайтын 10 зат
Фото: 1Gai

Аптап ыстықта қозғалыссыз тұрған көлік салонындағы температураны талай сезінген боларсыз. Егер далада күннің ыстығы 22°C болса, 1 сағаттан кейін көлік ішіндегі температура 48°C-қа дейін көтеріледі. Тіпті, ыстық күндері салонның кей тұстары 70°C-қа дейін қызуы мүмкін. Сондықтан күн ыстықта кей заттарды көлік салонында қалдырмауға тырысыңыз. Ол қандай заттар?

Дәрі-дәрмек

Көлікте дәрі қобдишасының болуы заңды. Кез келген уақытта қажет болып қалуы мүмкін. Ал қобдишадан бөлек дәрілерді салонда сақтауға болмайды.

Негізінен дәрі-дәрмек түрлері бөлме температурасында сақталады. Жазғы аптап ыстықта дәрінің көлік ішінде болуы оның дертке қарсы әсерін азайтады. Тіпті денсаулыққа зардабын тигізуі де мүмкін.

• Бөтелкедегі су

Ыстық күндері суды көп ішеміз. Көлікте жүріп те (салон қанша салқын болса да) шөл қысады. Мұндайда бөтелкемен суды бірге алып жүреміз, не сатып аламыз. Кейде сол бөтелкедегі су салонда тұрып жылып-ақ кетеді. Ал мұның денсаулыққа зияны көп. Зерттеулер нәтижесі бойынша, күн қызғанда пластик бөтелкеден бисфенол А (химиялық зат) бөлінеді. Оның әсерінен қатерлі ісік, жүрек ауруының түрлері пайда болуы мүмкін.

Қауіп төндіретін бисфенол ғана емес, тіке түскен күн сәулесі әсерінен су мен пластик бөтелке линза секілді болып салонды қыздыруы да мүмкін. Мұның әсерінен жалын шықпасына кім кепіл?

• Электрон құрылғылар

Телефон, планшет, батареялармен істейтін балалар ойыншығын көлік салонында қалдырмаңыз. Ыстық литий батареялардың ұзақ шыдауына кері әсерін тигізеді. Мысалы, Apple өнімі өз қолданушыларын 35°C-та ескертетінін естіген боларсыз.

Қымбат электрон құрылғыларды, гаджеттерді көлікте қалдырмаудың тағы бір себебі бар. Салонда көрініп-ақ тұрған бағалы дүниені көріп, кейбіреулердің ниеті бұзылуы да мүмкін.

• Күннен қорғайтын кремдер

Күннен қорғайтын кремдерді (тіпті өзге де крем түрлерін) ыстық температурада сақтауға болмайды. Жаздың аптап ыстығында тіпті қалдырып кетуге болмайды. Алдымен күннен қорғау әсері төмендейді. Сондай-ақ қатты ыстықтан құтысы ісініп, жарылып төгілуі де мүмкін.

• Шоколад

Шоколад 26°C температурада ери бастайды. Еріген шоколад көлік салонына ақса, оны кетірудің өзі бір жыр.

• Тамақ

Күн ыстық кезде көлікте піскен тағам түрлерін және сүт өнімдерін қалдырмаңыз. Жұмыртқа, ет, балық, сондай-ақ кремі бар тәтті нанды да сақтамаңыз. Бұларды күн ыстықта тоңазытқыштан тыс 2 сағатқа қана сақтауға болады. Ал температура 32°C-тан жоғары болса, онда сақтау ұзақтығы 1 сағатқа дейін қысқарады. Ыстықтан тамақ тез ашып бұзылады. Ашыған тамақ – денсаулыққа зиян.

• Оттық

Темекі тұтатын оттық ыстықтан тез жарылуы мүмкін. Әсіресе газы бар оттықтан абай болыңыз. Бензині бары да қауіпсіз деп айтуға келмейді. Сондықтан оттықты көлік салонында ғана емес, балконда, терезе алдында қалдырмауға да тырысыңыз.

• Аэрозоль

Дезодорант, тамаққа арналған спрей және басқа да аэрозоль түрлерін көлікте қалдырмаңыз. Ыстықтан аэрозоль баллоны іші ісініп жарылуы мүмкін.

• Өсімдік

Бөлме өсімдігін, болмаса гүлді ыстық күні көлік салонында қалдырмаңыз. 50°C-қа дейін қызатын болса солып қалады немесе тіршілігін тоқтатады.

• Көзілдірік

Көлік жүргізгенде күн сәулесінен қорғайтын көзілдірік тағатындар көп. Ал оны түскенде көлік салонындағы панелге қою салуға болмайды. Ыстықтан қызып кетеді. Тіпті аптап ыстық болса, көлік терезесі әсерінен еруі де мүмкін. Сақтықта қорлық жоқ. Көзілдірікті күннен таса орынға қойып шығыңыз.

Н. Үсенова