Кітап оқу арнайы уақыт бөліп, шұғылданатын шаруа. Зейін мен зерде жарасса, 300 беттік кітапты 1 күнде жайбарақат бітіруге болады. Кітап мазмұнын ой жүйесіне салып, қалай жылдам оқуға болады? 1) Ішкі оқу жылдамдатқышын қосыңыз. Оқу процесін жылдамдатуға арналған жүздеген бағдарлама бар. Алайда олардың ешбірі әр адамда болатын табиғи ішкі жылдамдатқышты алмастыра алмайды. Мүмкін бұл сізді таң қалдырар, бірақ сіздің ең алғыр жылдамдатқышыңыз өз қолыңыз, яғни сұқ саусағыңыз. Мәтіннің әр жолын сұқ саусағыңызбен жүргізіп отырыңыз. Көзіңіз саусаққа еріп отыратындай болуы тиіс. Басында баяу қарқынмен бастап көріп, көзіңіз үйренген сайын жылдамдықты үдете беріңіз. Ішкі жылдамдығыңыз артқан сәтте, сана сүзгісі де жетіледі. Яғни саусаққа ерген көз арқылы іштей оқу жүйесі мызғымас қалыпқа түседі. Алғашқы уақытта бұл тәсіл оғаш көрінуі мүмкін, бірақ бейімделген сайын оқу жылдамдығы біршама жетіледі. 2) Қайталап оқуды доғарыңыз Оқып кеткен жолдарға қайтадан көз жүгірту оқу процесін баяулатады. Мұндай жағдай кітаптың әр бетінде болып тұрады. Оқырман мазмұнға зейін қою-қоймауына қарай мәтінді саналы және бейсаналы түрде қайталап оқиды екен. Егер мәтіннің ең әсерлі тұсы ойдан кетпей немесе шиеленіскен тұсқа кез болса, адам саналы түрде кері қайтып, тағы бір оқып шығуды қалайды. Мұны кітап оқудың бір раxатына балаған жөн. Алайда одан бөлек бейсаналы түрде қайталап оқып шығатын сәттер де болады. Мысалы, көзіңіз кітапта, ал ойыңыз басқа жақта кезіп жүр. Таныс жағдай, иә? Сол сияқты бейсаналы түрде қайталап оқып отырмас үшін, жаттығу керек: кез келген шағын мақаланы сөздерін қайта оқымай, үзбей, мәтін құрылымы мен мазмұнын ойға түюге тырысып оқып шығыңыз. Біраз шыңдалып алған соң, көлемді кітаптарға көшіңіз. 3) Дауыстап оқымаңыз Оқу жылдамдығын баяулататын фактордың тағы бір түрі сөздерді дауыстап оқу. Сөздер дыбысталғанда оқу жүйесі ішкі түйсікке емес, дауысқа негізделеді. Ал дауыстап оқудың тез оқуғақаншалықтыыңғайсыз екені белгілі. 4) Мәтін мазмұнын жүйелеңіз Қандай мәтін болмасын оның бөлімнен, тараудан, абзацтан тұратыны белгілі. Егер көлемді роман, повесть оқып отырсаңыз, белгілі бір бөлімді оқып бітіргеннен кейін 1-2 минут көлемінде мазмұнын іштей қайталап отырған дұрыс. Себебі, жадыда берік сақталған оқиғалар тізбегі жаңа ақпаратты тез қабылдап, сіңіруге көп көмегін тигізеді. Оның алдында не болып еді өзі? тәрізді сұрақтарға жауап іздеп уақыт құртпайтындай, жүйелі ой мазмұнын жасаңыз.Егер ғылыми кітап оқып отырсаңыз, сізге беймәлім терминдер мен фактілер анықтамасы уақыт алуы мүмкін. Олардың мағынасын бірден түсінетіндей дәрежеге жету үшін, алдымен кітап тақырыбына қатысты шағын кітаптардан, оқулықтардан бастап көріңіз. 5) Кітапты оқудағы мақсатыңызды айқындап алыңыз Кез келген көлемдегі мәтінге кіріспес бұрын, ол мәтінді оқудағы мақсат болуы тиіс. Бірнеше мысал келтірейік: көркем әдебиет болса: парасат пен пайым толы ойларды жинақтап отыру қажет; мамандыққа қатысты профильді ақпарат болса: кәсіби даму үшін керек; үй тапсырмасына берілген мәтін болса: мазмұнына ден қойып, екі-үш рет оқып шыққан абзал; газет-журналдағы мақала болса: болашақта керек болатын пайдалы дүниелерді ілмек етіп отыру керек; күнделікті жаңалықтар болса: жақсысын қабылдап, жаманын ысырып отырған жөн. Аталған ситуациялар тек мысал ретінде берілді. Дәл осындай үлгіде мәтінге кіріспес бұрын мақсат қойылса, оқу барысында адам миы тек сол мақсатты нысанаға алады.