ҚР азаматтары шетелге шыққанда қандай ережелерді білуі керек? #4

Басы

Қазақстан азаматтары шетелге шыққанда немесе шығарда қандай ережелерді білу керек? Шетелде саяхаттау кезінде келеңсіз жағдайға тап болмас үшін Қазақстан азаматы қандай қағидаларды білуге міндетті? Назарыңызға шетелге шығуды жоспарлап жүрген, шетелде жүрген қазақстандықтар үшін түрлі кеңестер ұсынылған ҚР Сыртқы істер министрлігінің нұсқаулығын ұсынамыз.

IV. Шетелде болғанда

Шет мемлекетте болған кезде сізге сол елдің заңы жүретін болғандықтан, оны міндетті түрде сақтауыңыз керек. Барған елдің заңдарын білмеу сізді жауапкершіліктен босатпайды. Шетелде барғанда жалпы қабылданған этика мен әдепке сәйкес дұрыс жүріп-тұрыңыз. Жергілікті салт-дәстүрлерді құрметтеу, әсіресе, Азия және Африка елдерінде, маңызды.

Есіңізде болсын, шет тілінде қарапайым сөздерді білгеніңіздің шетелде жүргенде көмегі тиеді және жергілікті халық оны ұнатады. Жалпы келесі кеңестерді есте ұстаған абзал.

Қонақ үйге барғаннан кейін онда тұру мен өрттен сақтану ережелеріне көңіл бөліңіз. Қонақ үйдің визиткасын өзіңізбен алып жүргеніңіз дұрыс (қонақ үйлерде әрқашанда картасы бар кітапшаларды алуға болады).

Күтпеген оқиғалар болған жағдайда (жергілікті құқық қорғау органдарының ұстауы, бөтен кісілер тарапынан қорқытулар, жол апаты және т.б.) сол елдегі Қазақстанның консулдық мекемесінің қызметкерімен кездестіруді талап етуге құқыңыз бар. Қазақстан Республикасының консулдық мекемесінің қызметкерлерінің қатысуынсыз шет тіліндегі қандай-да бір хаттамаға немесе құжатқа қол қоймаңыз.

Шетелдегі сапар кезінде өзіңізбен бірге паспорттың, визаның және оны алуға негіз болған шақырудың көшірмелерін алып жүрген дұрыс. Қазақстан Республикасының паспорты мен жеке куәлігін жоғалтып немесе ұрлатып алған жағдайда бұл құжаттардың көшірмелері ҚР консулдығынан «Қазақстан Республикасына қайтуға куәлік» алуға көмек болады. Егер сіздің қолыңызда ешқандай құжат немесе олардың көшірмелері болмаса (жоғалтып немесе ұрлатып алған жағдайда), онда сізге аталған Куәлікті алу үшін ҚР консулдығына жеке тұлғаңызды анықтау рәсімінен өту керек болады.

Шет мемлекетке оқуға, жұмысқа немесе тұрақты тұру үшін барған Қазақстан азаматтары жақын жердегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдығына барып, консулдық тіркеуге тұруына кеңес береміз. Консулдық тіркеуге тұру Қазақстанға бармай-ақ көп мәселені шешуге мүмкіндік береді (сайлау мен референдумға қатысу, паспортты ресімдеу, азаматтық хал актісін жазу және т.б.) және барған мемлекетте соғыс, жаппай тәртіпсіздіктер, табиғи апаттар болған жағдайда сізді басқа жерге көшіру жеңіл болады.

 Мәскеудегі Қазақстан елшілігі

Егер автокөлікті жалға алып жатсаңыз, жол апатына ұшырап қалған жағдайда келген шығынды төлеп, сотқа тартылмау үшін көліктің ақаулары мен майысқан жерлерін алдын ала қарап шығыңыз, сақтандырумен бірге барлық құжаттардың рәсімделуін мұқият тексеріңіз.

Шет елдердегі кейбір ерекшеліктерді ескерген де маңызды. Атап айтқанда, әлемнің көп елдерінде қоғамдық орындарда темекі тартуға тыйым салынған немесе темекіні арнайы орындарда тартуға рұқсат етіледі. Мысалы, Бельгия, Дания, Жаңа Зеландия, Ирландия, Исландия, Литва, Норвегия, Финляндия, Швеция сияқты елдерде барлар мен мейрамханаларда темекі тартуға болмайды. Мұндай тыйым Аустралияның, АҚШ-тың және Ұлыбританияның кейбір өңірлік округтарында бар.

Көп елде көлікті жүргізгенде ұялы телефонмен сөйлесуге жартылай немесе толық тыйым салынған (кейбір елдерде арнайы «hands-free» құралын қолданғанда рұқсат етіледі). Оның ішінде Аустралия, АҚШ (кейбір штаттар), Бельгия, Болгария, Германия, Испания, Италия, Малайзия, Сингапур, Түркия, Франция, Швейцария және басқа мемлекеттер бар.

Ауа райы ыстық елдерге барғанда санитарлық-гигиеналық шараларды сақтау керек. Жеміс-жидек пен көкөністі жақсылап жуып, тек фабрикаларда жасап шығарған су мен сусындарды ішу керек және көпшілік орындарда су мен жаңа сыққан жемістің шырынын, жаңа піскен жеміс-жидек пен көкөністерден жасалған салаттарды, тағамдық мұзды пайдаланбаған жөн.

Көп елде сол жақпен жүру жол ережесі қабылданған. Бұларға Аустралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Ирландия, Индонезия, Кения, Кипр, Малайзия, Мальта, Пәкістан, Сингапур, Таиланд, Танзания, Үндістан, Ұлыбритания, Шри-Ланка, Ямайка және басқа елдер жатады.

АҚШ-та ер мен әйел адамдар арасында теңдік қағидаты сақталады. Әйелдерге дөрекелік танытса немесе оларға жай ғана қырындаған үшін (сізге солай көрінгенмен) сотқа беруі мүмкін.

Аустрия, Германия, Нидерланды, Швейцарияда заңдар мен тәртіптерді қатаң сақтайды. Жол жүру ережесін бұзған кезде неміс азаматтарының полицияға жасырын телефон шалуы жиі кездеседі. Тыйым салынған жерлерге көлікті қойғаныңыз үшін айыппұл төлетеді немесе оны эвакуатормен алып кетуі мүмкін.

Тарихы мен мәдениеті бай Қытай елінде жергілікті салт-дәстүрлерді құрметтеу керек екенін ұмытпаңыз. Қытайлар «жоқ» деп айтқанды ұнатпайды, сондықтан тура жауап бермеу үшін абайлап сөйлейді. Бұл басқа елдің өкіліне түсініксіз болуы мүмкін. Арқадан қағуға, қолды ербеңдетуге, жұдырықпен екінші қолдың алақанынан ұруға болмайды, өйткені мұның барлығы өрескел деп саналады. 

Үндістанда үнділер қонақтармен қолды қысып амандасудың орнына «намасте» (немесе «намаскар») жасап, кеудесіне екі қолын айқастырып қойып, қарсы алады. Бірақ, осыдан кейін қолыңызды алуы мүмкін. Үнді әріптесіңізге сыйлық таңдағанда сиыр терісінен жасалған бұйымдарды алмаңыз, себебі, Үндістанда сиыр киелі жануар. Әңгімелесу барысында үнділер басын көп шайқайды, мұны теріске шығару емес, қуаттау, қанағаттану деп түсінген жөн. Әңгімелескен кезде аяқты айқастырып отыру, әңгімелесушіні сыйламағандық болып саналады.

Әлемдегі ең қызықты сәлемдесу рәсімдері

Таиландта буддизм мен оның дәстүрлерін құрметтеу керек. Ғибадатханаға немесе тайлардың үйіне кірерде аяқ киімді шешу қажет. Тайлар аяқ киімін қай жерде шешсе, сол жердің бәрінде тура осылай істеу керек. Король мен оның отбасы жайлы айтқанда байқау керек. Бұлар тайлардың қатты қадірлейтін адамдары, сондықтан тайлар олар туралы кез-келген менсінбей айтқан сөзді немесе жасаған қылықты өзін қорлағанмен бірдей қабылдайды.

Түркия зайырлы мемлекет болғанмен бұл елде Құранның ережелерін орындауға қатты көңіл бөледі. Қасиетті Рамазан айында көпшілік орындарда тамақ жеп, сусын ішпеген, темекі шекпеген, сағыз шайнамаған жөн. Туристік аймақтардан тыс жерлерде шолақ шалбар мен іш көйлек киіп жүрмеген дұрыс.

Мұсылман елдерге барған кезде мынаны білген маңызды.

Мұсылман елдердің өкілдерімен кездесу, танысу қол ұсынудан басталады. Әйелдер ерлерге иіліп сәлем береді. Сыртқы киімге ерекше көңіл бөлген жөн. Әйел адамның киімі кең әрі қарапайым болуы керек. Мысалы, Иран мен Сауд Арабиясында әйелдерге бас орамалсыз және ашық киіммен көшеге шығуға тыйым салынады. Шариғат заңдары қатал және міндетті түрде орындалады, әсіресе, мейрамдар кезінде. Рамазан айында көпшілік орындарда темекі тартып, тамақ пен сусын ішпеу керек. Спирттік ішімдіктерді кейбір қонақ үйлердің барлары мен мейрамханаларында ғана сатады. Көшеде мас күйде жүрген немесе көлік жүргізген үшін айыппұл салады, қамайды немесе елден шығарып жібереді. Жергілікті адамдарға сыйлық немесе кәдесый ретінде спирттік ішімдіктерді беруге болмайды. Мұсылманның үйіне аяқ киіммен кіруге болмайды. Үй иесі аяқ киіммен кірсе ғана рұқсат етіледі. Қонаққа барғанда дәмнен бас тартпаған дұрыс, өйткені ол үй иесін жақтырмағандық немесе сыйламағандық деп қабылдануы мүмкін. Мұсылмандар өздерінің ежелгі қонақжайлық дәстүрлерін мақтан тұтып, оны қатты қадірлейді.

Сауд Арабиясында мұсылман емес шет елдің азаматтарына қасиетті Мекке пен Медина қалаларына баруға болмайды. Осымен бірге, намаз оқып жатқан адамдардың арасымен жүруге болмайды. Мемлекеттік мекемелерді, шейхтардың сарайларын, әскери нысандар мен құрылыстарды суретке түсіруге болмайды. Жергілікті әйелдермен (жұмыстан тыс) араласу жәбірлеу деп саналып, ол үшін айыппұл салады. Әйел адамды фотоға түсіруге, оның артынан жүруге, алдыға өткізіп жіберуге болмайды. Ер адамдарды олардың рұқсатын алып барып қана фотоға түсіруге болады.

Бұл қарапайым кеңестер шетелде уақытыңызды жақсы өткізуге және демалуға көмектеседі деп сенеміз. Сонымен қатар, баратын еліңіз туралы, оның саяси жағдайы, климаты, заңдық және ұлттық дәстүрлерін, қоғамдық және басқа орындарда жүріп-тұру ерекшеліктерін қосымша біліп алғаныңыз дұрыс.