Кез келген әйел үшін косметиканы дұрыс таңдау маңызды. Себебі дұрыс таңдалмаған өнім тері саулығына зиян келтіріп, аллергия және дерматит туындауына әкелуі мүмкін. Денсаулығыңызға және тері жағдайыңызға зиян келмес үшін косметика таңдағанда не нәрсеге мән беру керек?
Қаптама
Алайда бұл дизайн жайлы емес. Косметикалардың герметикалық қаптамасына мән беру керек. Сіз сатып алайын деп жатырған өнім қаптамасының бүтіндігі бұзылмаған болуы керек. Яғни, ешқандай жырық, сынық, аузы ашық болмауы керек және қорғаныш қабықшасы жыртылмаған болуы керек. Себебі ешкім өнім ауамен байланысқан кезде бұзылмайтынына кепіл бермейді.
Жарамдылық мерзімі
Косметика аларда міндетті түрде оның жарамдылық мерзімін тексеру керек. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен өнім аллергиялық реакция беруі мүмкін.
Құрамы
Бұл ең маңызды критерий. Косметиканың, соның ішінде күтім құралдарының құрамын мұқият оқу керек. Ол үшін косметикаларға жиі қолданылатын пайдалы және зиянды химиялық қосымшалардың атауын үйреніп, жаттап алған жөн. Мысалы, пайдалы ингредиенттерге өсімдік сығындылары, майлар, дәрумендер, минералдар, коллаген және т.б жатса, зиянды заттарға SLS, парабендер, барлық мүмкін консерванттар, бояғыштар, спирт, хош иістендіргіштер және т.б жатады.
Сондай-ақ мынадай лайфхакқа мән беріңіз: ингредиенттердің қандай реттілікте жазылғанына қараңыз. Ингредиент өнім нұсқаулығында жазылып тұрған "құрамы" деген сөзден кейін қаншалықты әрі орналасса, ол өнімге соншалықты аз қосылған. Көбіне "құрамы" деген сөзден кейін ең бірінші су тұрады, себебі ол өнімдің 70 пайызын құрауы мүмкін. Ал кейбір сапасы нашар кремдерде дәрумендер мен өсімдік сығындылары тізімде ең соңғы орында тұрады, яғни олар өте аз қосылған.
Тері типі
Барлық стандартқа сай керемет өнім тапқанымен ол сіздің тері типіңізге келмесе, ол қажет нәтиже бермейді. Сондықтан косметика аларда алдымен өзіңіздің теріңізді, оның типін зерттеңіз. Сондай-ақ жас ерекшелігін де ескерген жөн.
Күннен қорғайтын құралдарды қолдануда жіберілетін қателіктер