Көшедегі кәріз құдығының қаупі қандай?

Көшедегі кәріз құдығының қаупі қандай?
Фото: freepik.com

Желіде анасымен келе жатқан баланың кәріз құдығына құлап кеткен видеосы тарап жатыр. Оны Қазнет пайдаланушылары да таратып жатыр. Оқиға Татарстан Республикасында түсірілген болуы мүмкін, бұл жайтты елдің прокуратурасы тексеріп жатыр.

Видеода әйел балалар арбасымен жүргенін, оның жанында кішкентай баланың еріп келе жатқанын көруге болады. Кенет құдықтың қақпағы аударылып, бала құлап кетеді. Әйел оған көмекке келіп, құдыққа куәгерлер де жүгіріп тез арада баланы шығарып алады.

Кәріз құдығының қандай қаупі бар? Оған түсіп кеткенде қандай шешім қабылдау керек? Назарыңызға төтенше жағдай кезіндегі нұсқаулықты ұсынамыз.

Кәріз құдығының басты қаупі

Құдыққа құлап кеткендегі негізгі қауіп – ауыр соққы алу, сүйектің сынуы. Құлап кеткен адамды көргендердің табиғи реакциясы – оны құдықтан шығару. Егер адам кішігірім құдыққа құлап кетсе оны дереу шығарып алуға болады, әрине. Бірақ құдықтардың ең басты қаупі – биіктен құлау емес, ондағы улы заттар.

Құдықтар тек кәрізге ғана арналмауы мүмкін. Оның астында жылу, газ құбырлары болады, сәйкесінше онда жарылғыш, улы газдар да таралады. Қарапайым адам мұндай құдықтарды және улы газды анықтай алмайды. Себебі олардың түсі, иісі болмайды. Сондықтан оған құлап кеткен адам үн қатпаса, құдыққа түсудің қажеті жоқ. Мұндайда құтқару қызметін шақырып, күту керек.

Құдыққа түсіп кеткенде не істеу керек?

Сүйек сынбаса, өз бетіңізбен құдық баспалдағымен немесе темір қадағамен шығып көріңіз. Егер қимылдай алмасаңыз, айналадағыларды көмекке шақырыңыз. Ал ұялы телефонмен байланысу мүмкіндігі болса, 109 нөмірін теріп құтқару қызметіне хабарласыңыз.

Құдыққа түсіп кетудің алдын алуға болады. Ең басты ереже – құдық люгын айналып өту және мұны балаларға үйрету.

Massaget