Көрген түсіңізді есте сақтағыңыз келсе

Көрген түсіңізді есте сақтағыңыз келсе
Фото: muscleandfitness.com

Аустралиялық психологтар Аллан Снайдер мен Джон Митчеллдің ойынша өмірдегі барлық мәселенің шешімі түсте жатыр. Егер біз түсімізді ұмытпай, есте сақтап жүрсек, проблемаларды шешіп, үлкен қатерлердің алдын алып, қателік жібермеуге тырысатын едік.

Мысалы, 16 ғасырда кәріс қолбасшысы Йи Суншин қорқынышты түс көрген: түсінде қорғанысы мықты сауытты тасбақаның басы аузынан от шығарған айдаһардың басына ұқсаған екен. Ұйқысынан ояна сала, түсінде көрген құбыжыққа ұқсайтын су асты кемесін жасатады. Бұл қорғанысы мықты кемелердің алғашқы нұсқасы болатын.

Бұл мысалдан сіз көрген түс жаңалықтың бастауы болуы мүмкін. Сол себепті кей түстерді есте сақтап қалған дұрыс. Көрген түсте есте сақтаудың жолдарын білесіз бе?

Түстеріңізді жазып жүріңіз

Ең басты қағида: егер түсіңізді бүге-шүгесіне дейін білгіңіз келсе, «түс күнделігін» бастап, ұйқыдан тұра салып, жазып қойыңыз. Егер түс толық есіңізде болмаса, еміс-еміс суреттерді, бейнелерді жазсаңыз болады. «Қызыл», «бақытты», «көбелек», «сәби», «көлік» деген секілді 4-5 ауыз сөздің өзі жетіп жатыр. Түсті болжап, талқылап кетпеңіз, тек көрген, есіңізде қалғанын ғана жазыңыз. Кейін есіңізге түсіп жатса, толықтыру үшін жазбаның астына орын қалдырыңыз. Бастысы, күнделігіңіз жаныңыздан табылсын.

Кофеин мен ішімдіктен аулақ болыңыз

Адам ұзақ ұйықтаған сайын сәйкесінше көп түс көреді, яғни 10 түс көрсе, соның 4-еуін есінде сақтайды. Ал кофеин мен ішімдік бұл процесті тежейді.

Дәрумендер ішіңіз

Есте сақтау қабілетін жақсартатын В дәрумені. Қысқа мерзімді есте сақтау қабілетінің қорғаушы қабатын құрай алады. Егер ұйықтар алдында құрамнда В дәрумені бар жеңіл тамақ ішсеңіз не дәруменнің өзін ішсеңіз, түстеріңіз анық сақталады. Немесе мелатонин гармоны түстердің жиілігін реттейді. Ол көбіне банан, сұлы, қызыл шие мен бадам жаңғағында болады.

Қозғалмаңыз

Ұйқыдан тұрғанда көп қимыл жасамаңыз, қозғалмаңыз, бірден орныңыздан тұрып алмаңыз. Өйткені түс қысқа мерзімді жадта сақталады, ал сіздің әр қимылыңыз, сөзіңіз – бәрі-бәрі олардың (жадтағы түстің) сақталуына кері әсер етеді.

Г. Берік